Ауыс-түйістің себебі түсіндірді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты лауазымынан босату жөнінде шешім қабылдаған. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады. Сонымен қатар күштік құрылымдар жіберген қателіктері үшін Ішкі істер министріне қызметтік ескерту жарияланғаны айтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты қызметтен босату туралы шешім қабылдағанда жемқорлық оқиғасына қатысы бар лауазымды тұлғаларды ұстау жағдайын да ескерді. Президенттің пікірінше, күштік құрылым қызметкерлері қателіктер жіберген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жарияланды. Жалпы,«Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ісіндегі коррупциялық сипат еш күмән тудырмайды. Оны тергеу шаралары кезіндегі фигуранттардың әрекеттері растады. Президент жүргізіліп жатқан тергеу амалдарынан әуел бастан хабардар болды. Мемлекет басшысының жемқорлыққа қарсы күреске қатысты берік ұстанымы өзгермейді.
Сондай-ақ бүгін Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен жиын өткізді. Президент қызметтік тәртіпті нығайтуды, «Заң мен Тәртіп» қағидатына сай полицияның кәсіби даярлық деңгейін көтеруді тапсырды. Министр Ержан Сәденовке полицияның қатардағы қызметкерлері мен офицерлік құрамы арасында тәрбие жұмыстарын күшейту керек екені айтылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы