Әлеуметтік желідегі ақпарат жоққа шығарылды: балалар арбасымен автобусқа кіруге тыйым жоқ
Әлеуметтік желіде балалар арбасын қоғамдық көлікке кіргізуге шектеу қойылуы мүмкін деген ақпарат тарады. Алайда Көлік министрлігі мұндай мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін түсіндірді.
Instagram парақшаларының бірінде «Енді Қазақстанда балалар арбасын қоғамдық көлікке кіргізуден бас тартуы мүмкін» деген тақырыппен пост тараған. Онда әсіресе қыс мезгілінде кішкентай баласы бар ата-аналардың қоғамдық көлікті пайдалануына қатысты алаңдаушылық білдірілген.
Көлік министрлігінің түсіндіруінше, 29 қыркүйекте күшіне енген «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидалары» балалар арбасымен жүрген ата-аналардың қоғамдық көлікке отыруына шектеу қоймайды.
Балалар арбасын қандай жағдайда бүктеу қажет?
Егер автобуста жолаушы көп болып, ата-ананың отыруына бос орын болса, балалар арбасын бүктеп тасымалдау қажет. Бұл ретте арба өзге жолаушылардың еркін қозғалуына кедергі келтірмеуі тиіс.
Министрлік арбаны бүктеу ата-анаға қолайсыздық тудырған жағдайда, оны жайылған күйінде алып жүруге болатынын да атап өтті. Мұндай жағдайда айыппұл салу, жолаушыны автобустан түсіру немесе өзге де жазалау шараларын қолдану қарастырылмаған.
Демек, әлеуметтік желіде тараған ақпаратта ереженің маңызды тұстары ескерілмей, балалар арбасын қоғамдық көлікте тасымалдауға тыйым салынуы мүмкін деген жаңсақ түсінік қалыптасқан.
Министрлік тұрғындардан әлеуметтік желідегі даулы ақпаратқа сенбес бұрын, оның ресми дереккөздерден тексеру керек екенін ескертеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы