Президент көлік-логистика саласындағы жұмыс тиімділігін арттыруды тапсырды
Халықаралық көлік дәліздерін дамыту перспективасы және еліміздің транзит әлеуетін нығайту шаралары қаралды. Үкімет мүшелері саланың қазіргі ахуалы, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы даму бағыттары туралы баяндама жасады. Мемлекет басшысы әлемде көлік-логистика байланыстарының жаңа жүйесі қарқынды түрде қалыптасып келе жатқанын атап өтті. Сонымен бірге, халыққа арнаған Жолдауында еліміздің транзит әлеуетін нығайтудың негізгі бағыттары айқындалғанына назар аударып, Қазақстан халықаралық көлік құрылымында проактивті позиция ұстануы керегін айтты. Ең алдымен, транзиттік жүктерді өткізу мүмкіндігін арттырып, отандық әуе тасымалдаушыларға жағдай жасау және теңіз көлігін дамыту керегін жеткізді. Сонымен бірге, Президент көлік саласындағы ахуалды сынға алып, инфрақұрылымды жаңа жағдайға дер кезінде бейімдеу стратегиялық дамудың шешуші факторы екенін айтты. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының қызметін қатаң сынап, кірісті арттыру, қызметті оңтайландыру, соның ішінде цифрландыру құралдары арқылы компанияның жұмыс тиімділігін көтеру міндетін қойды. Президент логистика орталықтарын кеңейту, шекаралық және кедендік рәсімдерді жетілдіру, саладағы барлық үдерісті кешенді цифрландыру, сондай-ақ жүктердің іркіліссіз өтуін қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымдағы кедергілерді жою мәселелеріне айрықша тоқталды. Бұдан бөлек, «Заң мен Тәртіп» қағидатын сақтай отырып, инвесторларға, көлік-логистика компанияларына барынша қолайлы жағдай жасау қажеттігіне назар аударылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы