Басты Жаңалықтар Президент жемқорлыққа қарсы шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды

Президент жемқорлыққа қарсы шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды

Мемлекеттік компаниялардағы жемқорлықты азайтуға 24 қарашаға дейін уақыт берілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен бақылаушы органдарға осы мерзімде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Кешегі елді дүр сілкіндірген «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталғаны туралы хабардан кейін Президент бүгін қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, маңызды мәлімдемелер жасады. Мемлекет басшысы елдегі сыбайлас жемқорлықтың ушығып тұрғанын ашық айтып, заңсыздыққа қарсы қабылданатын шаралардың бәрі халыққа жария етілетінін мәлімдеді.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Кешегі топ менеджерлер туралы ақпарат елді дүр сілкіндірді. Мемлекеттің ен байлығын басқаратын «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының ұсталғаны туралы хабар қоғамда қызу талқыға түсті. Иә, бұл кезекті жемқорлық ісі емес. Мемлекет мүддесі, елдің экономикалық қауіпсіздігі және халықаралық беделіне әсер ететін жағдай. Оның үстіне біраздан бері мұндай шулы істер болған жоқ еді. «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы жарияланғаннан бергі жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі іс. Бүгін Президент Ақордада қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, қатаң сөйлеп, кезек күтпейтін міндеттер жүктеді.

Қасым-Жомар Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Конституция – мемлекетіміздің негізгі заңы, бұл – халқымыздың құқықтық төлқұжаты. Сондықтан Конституцияны күлкі қылу, оның негізгі ережелерін менсінбеу халқымызды кемсітумен бірдей. Ондай әрекет жасағандар «Заң мен Тәртіп» қағидатына сәйкес қатаң түрде жазаға тартылатын болады. Мәселе мемлекетіміздің абыройы, қоғамның ұлттық институттарға деген сенімі, Қазақстанның халықаралық беделі туралы болғанда біз, халық билік ету өкілдігін берген тұлғалар, ұлт мүддесін қорғау жолында аянбай еңбек етуіміз керек, сол үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұл – азаматтық және саяси борышымыз.

Дегенмен қандай жағдай болса да, «Самұрық-Қазына» қоры мен оған қарасты компаниялардың жұмысы тоқтамайды деді Президент. Барлық кәсіпорын қалыпты тәртіппен қызметін жалғастырады. Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жемқорлықтың ушығып тұрғанын жасырмады. Мәселені жабулы қазан күйінде қалдырмай, қабылданған шаралар туралы халыққа ашық есеп берілетінін айтты. Сандарға үңілсек. Соңғы үш жылда елде жемқорлыққа қатысты 3168 құқық бұзушылық анықталған. Құқық бұзушылықтардың жалпы сомасы 248 миллиард теңгеден асады. Биылғы он айда тағы 751 дерек тіркеліп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Өзіміздікі» және «Өзіміздікі емес», тіпті «бөтен» деп бөлуге мүлде жол берілмейді. Өйткені Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең екені анық жазылды. Біз бәріміз де осы заңға бағынуымыз керек. Жоғары лауазымға ие болу – әрқашан және әрдайым жүктелетін жоғары жауапкершілікті дұрыс түсіну деген сөз. Қоғамымызда атқаратын лауазымына, сіңірген еңбегіне не болмаса тамыр-таныстарына, соның ішінде туыстық байланыстарына қарамастан, ешкім де заңнан аттап кете алмайды. Бұл – мен үшін мызғымайтын, яғни өзгермейтін ұстаным. Соңғы кезде біз кейбір келісімдер мен шарттарды қайта қарадық. Меніңше, оларға қол қою қате шешім болған.

Енді Ұлттық қауіпсіздік комитеті Бас прокуратурамен бірлесіп, жоғары лауазымды басшылардың заңсыз әрекеттерін жіті тексереді. Жалпы, жемқорлықпен күрестің нәтижесі де жоқ емес. Осы уақытқа дейін мемлекетке 1,3 триллион теңгеден астам заңсыз иемденілген актив қайтарылды. Бұл қаржыға 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысан салу жоспарланған. Президент енді сол құрылыстардың да сапасын мұқият тексеруді тапсырды. Ал алдағы «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында ауқымды жобалар жүзеге аспақ. Қомақты қаржы бөлінетін салаларға сыбайластықтың араласуына жол берілмеуі керек. Әр теңгесі бақылауға алынады. Ал оны қадағалайтын арнайы комиссияның құрамы келер аптаның басында жарияланады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Барлық әлеуметтік инфрақұрылым нысандары, соның ішінде жолдар, әуежайлар, емханалар, оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері, мектептер мен спорт кешендері сапалы салынуы керек. Бұл – мүлтіксіз орындалуға тиіс талап. Мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын арнайы мемлекеттік комиссия қадағалайды. Оның құрамы келесі аптаның басында жарияланады.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Осылайша Президент Үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін уақыт берді. Оларға мемлекеттік компаниялардағы жемқорлықты азайтып, жұмыс сапасын арттыру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. Мемлекет басшысы бұл оқиға мемлекеттік компаниялардың ең осал тұсын көрсеткенін айтты. Ал сыбайлас жемқорлыққа жол бергендерді мемлекеттің қас жауы деп атады.

Бөлісу