Артық салмақ миды тез қартайтады
Артық салмақ мидың қартаюын жеделдетуі мүмкін. Яғни семіздік есте сақтау мен ойлау қабілетінің төмендеуіне әкеледі. АҚШ-тағы Джорджия университетінің ғалымдары осындай тұжырымға келді. Олар 8 мыңнан астам адамның деректерін талдаған. Зерттеудің нәтижесі қандай? Артық салмақтың миға тағы қандай кері әсері бар? Тілшіміз тарқатады.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Америкадағы Джорджия университетінің ғалымдары жасы 50-ден асқан артық салмағы бар 8 200 адамның 24 жыл бойы жиналған деректерін талдаған. Зерттеу нәтижесінде дене салмағы жоғары адамдардың есте сақтау, ойлау және ақпаратты қабылдау қабілеттері басқаларға қарағанда тезірек нашарлайтыны анықталды.
Ғалымдардың айтуынша, семіздік ағзадағы қабынуды күшейтіп, қан айналымын баяулатады және инсулиннің дұрыс жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Салдарынан мидың жұмысы нашарлап, Альцгеймер ауруы мен деменцияның даму қаупінің артуына әсер етуі мүмкін.
Дүниежүзін алаңдатып отырған мәселе Қазақстанды да айналып өтпеді. Елімізде 18 жастан асқан азаматтардың 58 пайызы артық салмақпен өмір сүреді. Солардың бірі Гауһар Кенжебекова.
Гауһар Кенжебекова, Астана тұрғыны:
Фаст фуд, газдалған сусындар ішкеннен қалай толғанымды білмей қалдым. Салмағымды көрсеткенде шошып кеттім 130 келі. Жүріп-тұруым қиындады. Жүрегім май басып, киімдерім сыймай бастады.
Денсаулық сақтау министрлігі халықтың 22 пайызында семіздіктің клиникалық түрі тіркелген деп дабыл қағып отыр. Ең сорақысы бұл дерт балалар арасында тамыр жая бастаған. Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы 6 мен 9 жас аралығындағы балалардың 20 пайызында артық салмақ байқалса, 6,5 пайызы семіздікке шалдыққан.
Әсел Қыдырәлиева, ҚР ДСМ департамент директорының орынбасары:
Ең бір қауіп төндіретін және алаңдаушылық туғызатын мәселе – балалар арасындағы артық салмақ пен семіздіктің таралуы. Тәтті сусындар, газдалған сусындар мен фастфуд өнімдерін балалардың күнделікті тұтынуы осындай жағдайларға алып келуі жиі кездеседі.
Дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің аздығы, тұқым қуалаушылық. Жалпы семіздікке әкелетін себеп көп. Күйзеліс пен депрессия да солардың бірі.
Амангүл Игілікқызы, психолог:
Күнделікті қысым, стресс туындаған кезде ағзамызда кортизол гормоны бөлінеді. Ал кортизол гормоны адамның ағзасында майдың жиналуына әкеледі. Оның шамадан тыс жиналуы миымыздағы гиппокамптың әлсіреуіне себеп болуы мүмкін.
Былтырдан бастап мектептерде тамақтанудың жаңа стандарты енгізілді. Скринингтік бағдарламалар іске қосылып, энергетикалық және тәтті сусындардың сатылымы қадағаланып отыр. Жалпы Денсаулық сақтау министрлігі бұл дертпен күресудің түрлі амалын жасап жатыр. Өйткені семіздік – тек медициналық мәселе емес. Бұл – қоғамдық денсаулыққа да, ел экономикасына да әсер ететін жаһандық сын-қатер.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы