Қызылорда облысында тағы екі ауылға газ қосты
Қызылорда облысы, Қазалы ауданында екі ауыл табиғи газға қосылды. Әлеуметтік маңызды жоба Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында жүзеге асып отыр.
Жаңқожа батыр елді мекенінің тұрғындары көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізді. Ауылдың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, тұрғындар біраз бейнеттен құтылды. Сондай-ақ әкімшілік-әлеуметтік нысандарға да газбен жылыту жүйесі қосылды. Қыс алдында қуанышқа бөленген ауыл адамдары бұған дән риза.
Медеубай Қожас, ауыл ардагері:
Негізі осы кезге дейін көмір жағып, күл шығарып отырған халықпыз. Мына газ келгеніне қуанып жатқанымыз сол. Бір бейнеттен құтылып жатырмыз. Келіндеріміз, апаларымыз, қыздарымыз жеңілдік көріп жатыр мынау.
Түктібаев ауылында бұған дейін ауыз су мәселесі шешілсе, биыл табиғи газ кіріп жатыр. Бұл Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында шалғай елдімекен халқы үшін керемет тарту болды. Жалпы облыс көлемінде жыл соңына дейін 10 ауыл көгілдір отынға қосылмақ. Осылайша аймақта газдандыру жұмыстарының үлесі 85 пайызға жетіп отыр.
Нұрбақыт Салықбай, ауыл тұрғыны:
Бұрын газ баллон толтырып әкелетінбіз, Қазалыдан. Ол қашан бітіп қалады екен деп алаңдап отыратынбыз. Қазір енді ешқандай алаңсыз ас-ауқатымызды жасап отырмыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы