Студенттерді тіркеу тәртібі жеңілдеуі мүмкін
Алматыға білім іздеп, өзге өңірлерден келген студенттер үшін тіркеу тәртібі жеңілдеуі мүмкін. Әр адамға кемінде 15 шаршы метр тұрғын үй алаңы қарастырылуы керек деген талап студенттерді тіркеу кезінде өзгереді. Десе де, құжат әзірге бекітілген жоқ, қоғамдық талқылауда. Бастаманың берері не? Толығырақ Нұрдәулет Сыздық айтып берсін.
Қоғамдық талқылауға түскен құжат Алматы студенттері үшін аса маңызды. Себебі, мегаполисте білім алатын 220 мыңнан астам жастың 150 мыңға жуығы – өзге өңірден келгендер. Олардың бәрі бірдей жатақханадан орын таба алмайды. Пәтер жалдауға мәжбүр. Алайда кейбір үй иелері студенттерді уақытша тіркеуге келіспейді. Бұған бір адамға кемінде 15 шаршы метр тұрғын үй алаңы қарастырылуы керек деген талап та кедергі.
Сауалнама:
- Менің достарым басқа қаладан келіп, осы Алматыда пропискасы басқа қалада болғандықтан, өздерінің жұмыстарына отыра алмай жатыр. Немесе квартираның егелері пропискасыз алмай жатыр.
- Мұндай проблема тек біздің студенттерде емес, басқа да студенттерде кездеседі. Жақын жерден алғысы келеді. Бірақ алыстан амал жоқтан алады. Ал жақын жердегілер прописка тұрғызбайды.
- Олар жергілікті тіркеуге тұрмаған. Яғни, ол кішігірім заң бұзушылық секілді деп ойлаймын. Соның әсерінен мемлекеттік қызметтерді алуда оларда қиындық туындауда.
Ұсыныс қабылданса, студенттердің пәтерге тіркелуі жеңілдей түседі. Қазіргі ереже қосымша тұрғынды тіркеуге кедергі келтіреді. Дегенмен, жаңа тәртіп пәтер иесінің келісімін талап етеді. Заңгерлердің сөзінше, өзгеріс студенттер үшін де, жалға берушлерге де тиімді.
Шаһризада Мәдіхан, заңгер:
Бұл рәсімді бірнеше минутта жасауға болады. Көбісі уақытша тіркеуді меншік құқығымен шатастырады. Яғни, студентті үйіне тіркесе, ол пәтерге иелік етеді деп қате түсінеді. Ал шын мәнінде, уақытша тіркеу студенттің де, жалға берушінің де құқықтарын қорғайды.
Құжат 23 қарашаға дейін талқыға түседі. Осы уақыт ішінде қала тұрғындары өз пікірлерін білдіре алады. Талқылау аяқталған соң құжат мәслихаттың қарауына жіберіледі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы