Басты Жаңалықтар Алматыда күн күрт суытты

Алматыда күн күрт суытты

Алматыда кешелі бері толассыз жаңбыр жауып, күн күрт суытты. Көшелерді су басып, қаладағы көлік қозғалысы қиындады. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Әріптесім Нұрдәулет Сыздық тікелей эфирге қосылуға дайын. Нұрдәулет, дәл қазір мегаполистегі күн райы қалай?

Нұрдәулет Сыздық, тілші:

Бүгін Алматыда ауа райы құбылып тұр. Таңнан бері нөсер де, қар да жауып үлгерді. Бірақ дәл қазір майда жаңбыр тамшылап тұр. Салдарынан мегаполисте көлік қозғалысы қиындады. Біздің түсірілім тобымыз күні бойы қаладағы ахуалды бақылап, тұрғындармен де сөйлесті. Толығырақ сюжеттен көрейік.

Кеше түннен толассыз жауған нөсерден қаланың бірқатар аумағын су басты. Соның бірі – «Алатау» метро станциясының жерасты өткелі. Тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай жиі қайталанады.

Жедел бригада метро өткеліндегі суды сорып, аумақты тазалады. Сондай-ақ ағын су жолын бітеді. Қазір станция жолаушыларға әдеттегідей қызмет көрсетіп жатыр.

Райымбек Досмұханов, қалалық Коммуналдық инфрақұрылым басқармасының бас маманы:

Коммуналдық қызметтер алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, 1579 арнайы қызметкерден тұратын 85 жедел әрекет ету бригадасы қазіргі уақытта кезекшілік атқарады. Оған қоса, 400-ден аса арнайы техника, 97 мотопомпа жұмыстарға жұмылдырылды.

Жолаушылардың айтуынша, ауа райының қолайсыздығынан кейбір автобус пен троллейбустар кестеден кешігіп жатыр. Осы ретте мамандар тұрғындарға жүретін жолын алдын ала жоспарлап және сақтық шараларын ұстануға кеңес береді.

Иә, күн райының күрт суытуы тұрғындарды біраз әбігерге салған екен. Нұрдәулет, ал синоптиктер алдағы күндері ауа райын қалай болжап отыр?

Нұрдәулет Сыздық, тілші:

«Қазгидрометтің» мәліметінше, Алматыда бүгін түні бойы қар аралас жаңбыр жауады. Ал алдағы 2-3 күнде жауын-шашын тоқтайды. Бірақ ауа температурасы төмендеп, күн суытады.

Бөлісу