Басты Жаңалықтар Заманауи құрылыс мамандарын даярлау – уақыт талабы

Заманауи құрылыс мамандарын даярлау – уақыт талабы

Қызылорданың Қорқыт ата университеті құрылыс мамандарын даярлауға айрықша көңіл бөліп отыр. Президент биылғы Жолдауында «Қазақстан келер жылы ауқымды құрылыс алаңына айналуы тиіс» деген еді. Оқу орны осы бағытта білім беру бағдарламасын жетілдіріп, бүгінде студенттер аймақта бірқатар жобаларды әзірлеуге үлес қосып жатыр. 

Қазір құрылыс саласында еңбек ету үшін ең әуелі бәсекеге қабілетті білікті маман болу керек. Сондықтан соңғы жылдары іргелі университет құрылыс мамандығына жоғары талап қойып, озық технологияларды оқытуға басымдық беріп отыр.

Наурызбай Байқадамов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры:

Бізде осы бағытта білім беру бағдарламаларын трансформациялап жатырмыз. Жасанды интеллект енгізу, сандық технология енгізу негізінде. Биыл 48 білім беру бағдарламасы осы бағытта трнсформацияланып, министрліктен келісім алдық.

Сондай-ақ құрылыс саласы бойынша ғылыми жұмыспен айланысатын студенттер бүгінде түрлі коммерциялық жобаларға қатысып, қаржыландыру грантын ұтып алып жатыр. Ал құрылыс ғимаратын жобалау, нысанның 3Д моделін әзірлеуді жетік меңгерген шәкірттер оқумен қатар әзірден еңбек етіп жүр. 

Балауса Мұсабек, студент:

Осы университетте алған білімді тәжірибе ретінде шыңдап жатырмыз. Сол жоба арқылы. Қосымша осы оқып жатқан мамандығымыз бойынша жұмыс істеп жатырмыз жобалаушы компанияларда.

Бұл бағытта университет дуальді білім беру жүйесін енгізіп, өңірдегі жеті үлкен құрылыс компаниясымен әріптестік байланыс орнатқан.

Мұхит Төребаев, құрылыс компаниясының директоры:

Жас мамандар қазір өте жақсы меңгерген. Ағылшын тілін меңгеріп жатқан мамандарды көрдім. Компьютермен қазіргі заманауи технологиялармен жұмыс істейтін мамандарды да көріп қуанып жатырмын.

Жалпы жыл сайын өңірде 100-ден аса құрылыс мамандығын бітірген жас өндіріске араласады. Олар облыстың ауқымды құрылыс жобаларын жүзеге асыруға атсалысып, аймақтың дамуына үлес қосып келеді.

Бөлісу