Басты Жаңалықтар Петропавлдық зейнеткер ауласын ерекше бұйымдармен безендіреді

Петропавлдық зейнеткер ауласын ерекше бұйымдармен безендіреді

Петропавл қаласының тұрғыны Бақытжан Әділов ескі заттараға екінші өмір сыйлап қана қоймай, өзі тұратын үй ауласының көркіне айналдырады. Зейнеткер көлік шиналары, ойыншықтар, тіпті сыры кеткен ыдыс-аяқтарды қайта өңдеп, сынын келтіреді. Ерекше аула әсіресе балалардың жақсы көретінін орнына айналған.

Бір кездері қаулап қамыс өскен аула күн сайын балалардың шат күлкісіне толады. Бақытжан Әділов өзгелерге қуаныш сыйлағанды жақсы көреді. Сондықтан өзі тұратын үйдің ауласын безендіруден жалықпайды.

Аулада үлкен-кіші велосипедтердің коллекциясы жиналған. Шебердің қиялынан туындаған ерекше ұшақтар көз тартады. Табиғи материалдардан жасалған ойыншықтар бала денсаулығы үшін қауіпсіз әрі дамуына оң ықпал етеді.

Эльмира Кәленова, тілші:

Керексіз болып қалған заттар Бақытжан Әділовтың қолына тисе, әдемі бұйымға айналады. Мәселен, мына композиция балаларға жол ережесін үйретуге арналған. Бұл ауланының 2004 жылы дәл осы көліктен басталған екен.

Бағдаршам мен жол белгілері де өз орнын тапқан. Шебер ойын алаңын балалар үшін танымдық кеңістікке айналдырған.

Бақытжан Әділов, зейнеткер:

Бұл жерде бұрын қамыс өсетін, ешкім ойнамайтын. Құрылыс материалдары сияқты заттарды қоқысқа тастайды ғой, соларды жинап әкелемін. Кейбіреулер өздері де әкеліп береді. Мысалы, сынған велосипедтерді алып, қайта құрастырамын. Бәрін балалар ойнауға ыңғайлы етіп реттеймін.

Бақытжан Әділов аулада күтіміне кететін қаражатты өз қалтасынан жұмсайтынын айтады. Көктем сайын қоршау, әткеншек, тағы басқа заттарды сырлап, жөндеу үшін қыруар ақша жұмсайды.

Амангелді Әубәкіров, зейнеткер:

Осында көшіп келгеннен бері танимын. Бақытжан – нағыз еңбекқор адам. Аязға да, жаңбырға да, боранға да қарамай, бәрін өз қолымен жасайды. Дәнекерлеу аппаратынан бастап, бояуы, балғасы мен шегесіне дейін бар. Бүкіл шағынаудан тұрғындары оны жақсы таниды.

Зейнеткер өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті дарыту үшін ойын алаңының қақ ортасына еліміздің көк туын желбіретіп қойған. Бақытжан Әділов қолынан шыққан әр бұйым балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, оларды тазалыққа, ұқыптылыққа және еңбекті бағалауға тәрбиелеуі тиіс деп есептейді.

Бөлісу