Басты Жаңалықтар Жүк көліктері үшін ақылы жол тарифтері өзгеруі мүмкін

Жүк көліктері үшін ақылы жол тарифтері өзгеруі мүмкін

Қазақстанда жүк көліктерінің ақылы жолдарды пайдаланғаны үшін төлем тәртібін жетілдіру ұсынылды. Нақтырақ айтсақ тарифтер сараланып, жылдық абонемент енгізу және шетелдік тасымалдаушыларға қатысты төлем тетіктерін қарастыру көзделіп отыр. Өзгерістердің жеңіл көліктерге қатысы жоқ. Бұл туралы Үкіметте айтылды. Тариф мөлшері көліктің экологиялық сыныбына, ауаға зиянды қалдығы мен жолға түсіретін салмағына қарай белгіленбек. Сондай-ақ көлік компаниялары үшін жылдық абонемент енгізу ұсынылды. Бұл тасымалдаушыларға жол ақысын алдын ала төлеп, шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Ал шетелдік жүк көліктеріне қатысты шекарадан өту кезінде сақтандыру тетігін енгізу қажет болады. Бұдан бөлек, ақылы жолдардағы қозғалысты цифрлық технологиялар арқылы бақылау жұмыстары күшейеді. Вице-премьер Серік Жұманғарин ұсыныстарды мемлекеттік органдармен және бизнес өкілдерімен бірлесіп пысықтауды тапсырды. Нақты шешімдер қараша айының соңына дейін әзірленіп, автомобиль жолдарында ақы төлеу жөніндегі жұмыс тобының келесі отырыста қаралады.

Бөлісу