Басты Жаңалықтар Қос ауыл тегіс түйе шаруашылығымен айналысады

Қос ауыл тегіс түйе шаруашылығымен айналысады

Өздеріңіз естіп отырғандай, Жамбыл облысында қатар қонған қос ауылдың тұрғыны тегіс түйе асырайды. Демек елді мекенде түгел еңбек адамы тұрады деген сөз. Айтып отырғанымыз – Байзақ ауданындағы Тегістік және Шахан ауылдары. Ата кәсіппен айналысып отырған 240 түтін бас-аяғы 1 300-ге тарта түйе ұстайды. Ойсылқара тұқымын ұстағандар ортасында Данияр Әлімқұл болып қайтты.

Иә бұл 30 жылдан бері ойсылқара түлігін асырайтын Аманғазы ақсақал. Еңбек адамы жасы 71-ге жетсе де жампоз малды бағудан жалықпаймын дейді. Жалпы қоңсы қонған қос ауыл Тегістік пен Шахан тұрғындары тегіс түйе асырайды. Қазір қарияның 45 бас түйесі жапан түзде жайылып жүр. Күйіс малдың күйін білетін кісінің айтқан ақпары да қызық.

Аманғазы Халықов, Тегістік ауылының тұрғыны:

Ең бірінші ең құнарлы сүт ананың сүті. Одан кейін мысалға ешкі менен түйенің сүті. Неге? Ешкі де түйе де шөптің басын жейді. Ең құнарлы жағы шөптің басында, гүлінде. Мойнының жүні мен мына тізе жүнін шуда дейді. Бұл сыныққа өте пайдалы. Белге белбеу жасайды. Бірақ қазақ аяққа баспаған, себебі қасиетті мал. Сосын бұтына кимеген.

Қарияның бурасы мен үлегі 300 келіден 1 тоннаға дейін ет береді. Жылда 5 түйесін сойып сатады. Келісі 2500 теңгеден. Ал күніне 15 литр ағарған алады. Салыстырсақ, сиыр сүтінің бағасы 250 болса, түйеніңкі 1200 теңге. Оның үстіне сиыр секілді сегіз айдан кейін су алып кетпейді, 1 жарым жылға дейін сауылады. 

Данияр Әлімқұл, тілші:

Маңғаз қарап, маң басқан төрт түліктің төресі осы. Түйе – түздің кемесі, сортаң даланың сәні. Бұйдаға да көніп, бұйырғанын жеп жүре береді. Сондықтан халқымыз малдың әулиесі деп әспеттеген түйенің әуресі жоқ. Көп күтімді қажет етпейді.

Ал ақсақалдың ауылдасы Ербол да 25 жылдан бері түйе ұстайды. Төрт бас тайлағы бүгінде 90 түйеге шыққан. Еңбек адамы ерінді малды ет бағытында ұстайды. 30 жылқысы, 800 қойы бар. Бірақ түйеге келгенде қаржылай қолдау алу қиын дейді.

Ербол Шәріпбай, шаруа қожалық жетекшісі:

Түйенің өзін асылдандыруды қазір ондайды естімеппін шынын айтқан кезде. Түйені қайдан асылдандырам? Жер көлемі өте тар басқа округтердің бәріне 2,5% мал шаруашылығын ашуға несие берілді да, жайылымдық жері өте көп, біздің Темірбек ауылдық округіне келген кезде 2,5% несиені тек қана бизнес ашуға берді. Түйе, қой шаруашылығына қарай несиені, көңілді Үкімет бізге бөлсе, ары қарай дамыту біздің өзіміздің қолымызда.

Облыста түйе саны биыл 4,1 пайызға артып, 8700 бастан асқан. Ал қаржылай қолдау тек асылтұқымды шетелдік тұяққа беріледі. Бір басына 175 мың теңге, өңделген сүт литріне 55 теңге. Бірақ мамандар субсидия бар болғанымен, оны алатын адам жоқ дейді.

Есенғали Жақсылықов, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

Түйе шаруашылығында бізде субсидия алуға өткізіп жатқан шаруашылықтың саны жоқ. Жылқы, сиыр, қой сияқты ауыл шаруашылығы жануарларына қарағанда түйе шаруашылығы үлкен маңызға ие болмай жатыр. Қаржылай көмекті көбейту жөнінде ұсыныстар болатын жағдайда біз ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсынуға дайынбыз. 

Шаруалар өз түйеміз асыл тұқым бола тұра оны сырттан сатып алып не керек дейді. Ал ауданда «Ауыл аманатының» несиесі шекті мөлшеріне жеткен. Сондықтан келе ұстағандарға келер жылды күтуге тура келеді.

Бөлісу