Алматыдағы 27 нысан мемлекет қорғауына алынуы мүмкін
Алматыдағы мемлекет қорғауына алынған 160 тарихи және мәдени ошақ тағы 27 нысанмен толығуы мүмкін. Олардың қатарында Сәтбаев университетінің бас оқу ғимараты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Ұлттық банк, бұрынғы Орталық мәдениет және демалыс саябағы мен «Атакент» аркасы да бар. Комиссия бұл ғимарттарды қандай талаптар бойынша зерделемекші? Ал жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне іліккен нысандардың сәулетніе қатысты қандай талаптар қойылады? Бұл туралы Алматыдағы бірнеше тарихи нысандарға барып қайтқан әріптесім Әйгерім Ердәулеттің материалынан білейік.
Әйгерім Ердәулет, тілші:
Бұл - бір кездері тұтас елдің тізгінін ұстаған Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың 25 жылға жуық уақыт өзі тұрған төрт бөлмелі пәтері. мұнда қайраткердің жеке заттары, сүйіп оқыған кітаптары мен шетелдік сапарлардан әкелген құнды жәдігерлері сақтаулы. Пәтерге кіргеннен ақ оның қандай ортада өмір сүргенін, нені қадір тұтқанын үйдің әр бұрышынан аңғаруға болады. Қазір музей қорында 8 мыңнан астам жәдігер бар. Оның 5 мыңға жуығы – Дінмұхаммед Қонаевтың жеке кітапханасындағы том-том басылымдар. Енді ел тарихының бір бөлшегіне айналған осы музей- пәтерге жергілікті маңызы бар ескерткіш мәртебесі берілуі мүмкін.
Елена Иватқызы, Д.Қонаев атындағы музейдің жетекшісі:
Тарихи-мәдени ескерткіштің қатарына қосылу өте маңызды. Себебі бізге деген көп мүмкіндік береді. Қорғау жағынан да, зерттеу жағынан да. Болашақта залдарды кеңейту, музейді кеңейту. Келешек ұрпаққа сақтауымыз керек. Ол тек қана заматтық қана емес, рухнаи парызымыз.
Әйгерім Ердәулет, тілші:
Ал ғылым мен өндірістің дамуына негіз болған тарихи нысандардың бірі - менің ту сыртымда тұрған Геология ғылымдары институты. Мұнда Қаныш Сәтбаев бастаған ғалымдар еңбек етіп, еліміздің жер қойнауын зерттеуге зор үлес қосып келеді. Институт ғалымдарының ізденісі нәтижесінде елімізде 20-ға жуық жаңа минерал ашылған. Бүгінде бұл ғимараттың сәулеттік келбетімен қатар, ғылым тарихындағы орны да ескерілмек. Бір анығы, бұдан былай 90 жылдық тарихы бар нысанның сыртқы келбетіне титтей де болсын өзгеріс қажет болса, арнайы сараптама жасалады.
Ләззат Оразбекқызы, Қалалық мәдениет басқармасы тарих және мәдени мұра бөлімінің басшысы:
Ұсақ реставрациялық жұмыстар қажет болса, алдымен мамандар сараптама жүргізеді. Соның қорытындысы негізінде ұсыныс беріліп, жұмыстар әкімдік тарапынан жүзеге асырылады. Мемлекеттік тізімге енгізілгеннен кейін бұл нысандар мемлекет қорғауына алынады. Әр ескерткіштің жеке қорғау аймағы мен арнайы паспорты болады. Жергілікті маңызы бар ескерткіштерді әкімдік бақылауда ұстайды.
Әйгерім Ердәулет, тілші:
Тарихи мәртебесі қайта қаралатын нысандардың қатарында 80 жыл бұрын Киров атындағы зауыт қызметкерлеріне арнап салынған мына үш қабатты үйлер де бар. Байтұрсынұлы мен Гоголь көшелерінің қиылысындағы бұл ғимараттар Алматының өндірістік тарихынан сыр шертеді. Ескерткіш мәртебесі берілсе, ғимараттардың бастапқы сәулеттік келбетін өзгертуге шектеу қойылады. Бұл талап жеке меншік иелеріне де ортақ.
Әйгерім Ердәулет, тілші:
Республика алаңы да тарихи мұра ретінде қорғауға ұсынылған нысандардың қатарында. Талай тарихи оқиғаның куәсі болған бұл жердің Алматының саяси әрі қоғамдық өмірінде орны ерекше. Айта кету керек, комиссия нысандарды іріктегенде олардың тек салынған жылына немесе сәулеттік ерекшелігіне емес, тарихи маңызына да мән береді. 27 нысанның нақты қайсысы іріктеуден өтетіні жыл соңына дейін белгілі болмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы