Басты Жаңалықтар Ұлттық банк 2028 жылға дейін инфляцияны 5 пайызға дейін төмендетуді көздейді

Ұлттық банк 2028 жылға дейін инфляцияны 5 пайызға дейін төмендетуді көздейді

Ұлттық банк 2028 жылға дейін инфляцияны 5 пайызға дейін төмендетуді көздеп отыр. Бүгін Қазақстан Ұлттық Банкінің Сараптамалық-талдау клубының отырысында мамандар осы мақсатқа жету жолдарын талқылады. Жуырда Президент Жолдауда да бірінші кезекте инфляциямен жүйелі түрде күресіп, Үкімет пен Ұлттық банк үйлесімді жұмыс істеуі керек деген еді. Деректер қалай талданады? Мамандар қандай макроэкономикалық болжамдарға сүйенеді? Раушан Сайлауқызы толықтырады.

Экономикада «тұтыну бағаларының индексі» деген ұғым бар. Ол – инфляция деңгейін сипаттайтын негізгі көрсеткіш. Елімізде осы әдіс арқылы 537 тауар мен қызмет түрінің бағасына мониторинг жүргізіледі. Соның 39,6 пайыз үлесі азық-түлікке тиесілі екен. Демек, азық-түлік бағасындағы өзгеріс елдегі жалпы инфляция деңгейіне әсер етеді. Ал инфляцияны реттеуде Ұлттық банк қолданатын негізгі құралдың бірі – базалық мөлшерлеме.

Рүстем Оразалин, ҚР Ұлттық банкі ақша-кредит саясаты департаментінің директоры:

15,75 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылданды. Бұл екіжақты балансты ескере отырып, экономиканың жағдайы, екінші жағынан бағалардың төмендеуі бойынша позитив. Біз байыпты бірізді, жауапты әдіспен бұл шешімге келдік. Ойымызша, келер жылы инфляция 6,5-8 пайызға баяулап, одан кейінгі жылы 5 пайыздық мақсатымызға әкеледі деп кәміл сенеміз.

Бүгінгі бас қосуда Ұлттық банк мамандары осындай экономикалық көрсеткіштердің әдіс-тәсілдерін түсіндірді. Мәселен, FPAS жүйесі арқылы тоқсандық, қысқамерзімді және ортамерзімді болжам жасалады. Сол арқылы экономиканың қазіргі жай-күйін талдауға, дамытуға бағытталған сценарийлер әзірленеді.

Ақылжан Баймағамбетов, Ұлттық банк төрағасының орынбасары:

Жүйе халықаралық тәсілдер мен тәжірибелерге сүйене отырып құрылды. Біз оны жақсартып қана қоймай, құралдарды жаңартып, талдау процестерін жетілдіру бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеміз. Экономика өзгереді, онымен бірге жаңа деректер мен сын-қатерлер пайда болады, сондықтан болжау жүйесі де олармен қатар дамуға тиіс.

Мамандар, деректерді жинау мен өңдеуден бастап, макроэкономикалық болжам мен сценарий құруға дейінгі процестерге және жасанды интеллектіні пайдалану тәсілдеріне де тоқталды. Жиынға қатысқан сарапшылар мен академиялық қауымдастықтың өкілдері де өздерін толғандырған сауалдарын қойып, пікір алмасты. Ұлттық Банк экономиканы одан әрі талдап, ақша-кредит саясатына қатысты осындай ашық пікірталасты тұрақты түрде өткізіп тұрмақ.

Бөлісу