Заманауи зертханада жылына 5 миллион зерттеу жүргізіледі
Алматыдағы заманауи зертханада тәулігіне 15 мыңға жуық биологиялық сынама өңделіп, жылына 5 миллион зерттеу жүргізіледі. Жасанды интеллект элементтері қолданылатын кешен Жекенова атындағы инфекциялық аурулар ауруханасының базасында орналасқан. Мұнда сынаманы қабылдау, сұрыптау және талдау жұмыстары толық автоматтандырылған. Арнайы жүйе пробиркаларды тіркеп, қажетті операцияларды адамның қатысуынсыз орындайды. Бұл зерттеу уақытын қысқартып, қателік ықтималдығын төмендетеді. Зертхана бес бағыт бойынша жұмыс істейді. Мұнда ПТР, иммунологиялық, микробиологиялық және паразитологиялық зерттеулер жүргізіледі. Сонымен қатар медициналық ұйымдармен деректер алмасудың цифрлық жүйесі енгізілген. Мамандардың айтуынша, мұндай технологиялар диагностиканың сапасын арттырып, зерттеу нәтижелерін жедел алуға мүмкіндік береді. Алматыдағы тәжірибені алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінде де қолдану көзделіп отыр.
Ақмарал Мерекеқызы, орталықтандырылған зертхана меңгерушісі:
Мұның бәрін бұрын лаборанттардың көмегімен жасасақ, қазіргі таңда бұл процестердің бәрі автоматтандырылған. Яғни, аппарат қақпағын өзі ашады, пробирканы фотоға түсіреді. Адам қолымен жасалатын процестердің барлығын анализатордың өзі орындайды. Таңғы сағат сегізде жұмысқа келгенде сапасы тексеріліп, техникалық қызмет көрсетіліп, бәрі дайын тұрады. Басты ерекшелігі – осы.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы