Басты Жаңалықтар Білім саласындағы реформалар мұғалімнің жұмысын жеңілдетеді

Білім саласындағы реформалар мұғалімнің жұмысын жеңілдетеді

Ұстазды ұлықтаған ел ұтылмайды. Елімізде мұғалім мәртебесі одан әрі жоғарылай түседі. Халыққа арнаған жолдауында Мемлекет басшысы  «Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру» екенін тағы бір мәрте еске салды. Білім саласындағы реформалар мен өзгерістер мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге, артық жүктемелерді азайтуға бағытталады.

Алтынгүл Сыдықова ұстаздық қызметін ауыл мектебінен бастаған. Білім беру саласында 29 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп келеді. Ол соңғы жылдардағы реформалардың мұғалімнің жүктемесін азайтуға себеп болғанын айтады. Яғни ұстаздар бұрынғыдай бума-бума қағаз толтырып, әуреге түспейді. Тәжірибелі педагог енді сынып жетекшілерінің жұмысын жеңілдетуге қатысты ұсыныстар назарға алынса дейді.

Алтынгүл Сыдықова, тарих пәнінің мұғалімі:

Бұрынғыдай қағаз ақтарып отырмаймыз, парақтап, тонналап қағаз жинап. Ерекше балалармен жұмыс істейтін педагогтердің жұмысын жеңілдету мақсатында бөлек штат ашылса деген ұсыныс бар. Ол тек сол балалармен жұмыс істейді, сосын сол сыныпты зерттеуге, тәрбие саласымен жұмыс істеуге бөлек штат ашылса деп ойлаймын.

Қоғамда оқу-ағарту саласындағы реформаларға қатысты сан түрлі пікір айтылып жүр. Мұны Жолдауда Мемлекет басшысы да айтты. Әр өзгеріс ұстаздың жұмысын жеңілдетуге бағытталуы керек. Мұғалімдер жасанды интеллект пен жаңа технологияларды еркін қолдануға қол жеткізіп, білім сапасын арттыруға күш салуы тиіс.

Мейрамгүл Ербозымова, Д.Қонаев атындағы №60 мектептің директоры:

Біздің мектебімізде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл жолдаудағы мәселелерді біздің падагогтер қуана қабылдады. Себебі ЖИ құралдарын қолдану арқылы мұғалімдердің күнделікті жұмысын жеңілдетуге үлкен мүмкіндіктер туып отыр.

Ұстазға құрмет – әр шәкіртке міндет. Елімізде оқушының мұғалімге қарсы келу оқиғалары ара-тұра болса да, кездесіп жатады. Мұндай жағдайда педагог мәртебесіне нұқсан келмеуі керек. Бала тәрбиесіне ата-ана тікелей араласып, мұғалімдермен бірге жұмыс істегені жөн.

Гүлназ Қитарова, ата-ана:

Мұғалімдер мен ата-ана бірлесе жұмыс істесе, ашық диалог құра алса, мәселелерді бірге шеше алса, бала үшін ол өте маңызды. Яғни, біз дұрыс ұрпақ тәрбиелейміз деп есептеймін.

Президент мұғалімнің негізгі жұмысына кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғаруды тапсырды. Бұл жұмысты Оқу-ағарту министрлігі жіті назарда ұстауы қажет.

Бөлісу