Азық-түлік өндірісінде Абай облысы көш бастады
Азық-түлік өндірісінде Абай облысы көш бастады. Биылғы жылы нақты көлем индексі 160,6 пайызға жеткен. Өйткені өңірде ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің үлесі артып келеді. Оның үстіне табиғи таза өнім дайындауға бет бұрғандар көбейді. Әсіресе мамандар облыста сүт фермаларының қуаттылығын еселеуге мән беріп отыр.
Марат Қалиханұлы - оншақты сауын сиырмен ғана шаруа бастағандардың бірі. Табанды еңбектің нәтижесінде ірі сүт фермасын құруға қол жеткізді. Әр жылдары берілген мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып ісін дамытқан.
Марат Қалиханұлы, шаруашылық басшысы:
Басында сегіз сиырдан бастағанбыз. Флягпен сауатынбыз. Одан кейін 100 сиырға жеттік. Менің шаруашылығыма да Үкімет тарапынан 2024 жылы несие бөлінді. Соның арқасында шет елден мал әкелдік. Қазіргі қондырғымыз бәрі Еуропадан келген.
Шаруашылықта 600 бастың үстінде сауын сиыр бар. Мақсат - мыңға жеткізу. Жұмыс көбейген сайын жұмысшы күшін де арттыру қажет болған. Сол себепті биыл «Қаладан-ауылға» жобасы арқылы оңтүстік өңірлерден бірнеше отбасы көшіп келді. Қазір сүт фермасында 160-қа жуық адам тұрақты еңбекпен қамтылып отыр. Шаруашылық 17 түрлі жоғары сапалы сүт өнімін шығарады.
Гүлзат Тәжібай, технолог:
Сүттердің уақытылы кетуіне, тазалығына - бәріне жауап береміз. Күнделікті таңғы сағат 5-9 аралығында, кешкі сағат 5 пен 9 аралығында екі мезгіл сауын болады бізде. Автоматтандырылған. Барлығы аппарат арқылы. Көріп-біліп отырамыз.
Жалпы, облыста 6 сүт өңдеу кәсіпорны бар. Мамандар мемлекет қолдауымен келер жылдан бастап олардың қатарын көбейтіп, қуаттылығын арттырмақ. Қомақты қаржы бөлінген.
Мирас Тоқтарханов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
9 айда ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 404, 7 млдр теңгені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға жоғары. Азық-түлік өнімдерінің өндірісі 146 млрд теңгені құрап, ол жерде нақты көлем индексі 160, 6 пайызға жетіп отыр.
Яғни, өңір еліміз бойынша азық-түлік өндірісінде алдыңғы қатарға шығып отыр. Оған қоса биыл ауыл шаруашылығына 52 млдр теңгеден астам инвестиция тартылған. Жұмсалған қаржы саладағы нәтижені еселей түседі, дейді мамандар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы