Басты Жаңалықтар Еуропа халқы жаңбыр суын пайдалануға көшті

Еуропа халқы жаңбыр суын пайдалануға көшті

БҰҰ жаһан жұртын суды үнемдеуге үндейді. Ұйымның мәліметінше, қазір әлем халқының 70 пайызы суға зәру. 2,5 млрд адам таза ауызсуға жарымай отыр. Салдарынан диарея, басқа да ішек ауруларынан жылда 900 мың адам көз жұмады. Еуропа елдерінде тіршілік нәрін үнемдеу стратегиялық міндетке айналды. Ауызсуды ысырап етпес үшін қазір қарт құрлық тұрғындары жаңбырдың суын пайдалануға көшті. 

52 жастағы Уильям дәретханаға, ыдыс, кір жууға, жуынуға тек жаңбырдың суын пайдаланады. Екі жыл бұрын есігінің алдына жауын-шашын суын жинайтын, сақтайтын құрылғы орнатқан. Жүйенің жұмыс істеу қағидасы қарапайым. Шатырдан аққан су арнайы құбырлар арқылы сүзгіден өтіп, жерасты резервуарына жиналады. 7 мың еуро инвестиция өзін әлдеқашан ақтады, дейді ол.

Уильям Бинард, Льеж қаласының тұрғыны:

Біз ішетін таза суды дәретхананы ағызуға, кір жууға пайдаланып құртып жатырмыз, неге үнемдемеске деп ойланып, осы құрылғыны орнатуға бел будым.  Қоршаған ортаны қорғауға бәріміз үлес қосуымыз керек.

Аспаннан тамған әрбір тамшының қадірін білетіннің бірі - Пьер. Инженер жаңбыр суын өңдеу, тазарту құрылғысын жасап, оны ғимараттарға орнатумен айналысады. Маманның айтуынша, жаңа технологияның арқасында жауын-шашын суын ішуге де болады.

Пьер Вургон, инженер:

Бұл жәй ғана суды сүзу емес, табиғи тазарту процесі. Себебі мұнда кокос қабығынан алынған белсендірілген көмір қолданылады. Ол судың құрамындағы ластаушы заттарды, ауыр металдарды ұстап қалуға көмектеседі. Яғни, бұл фильтрлер бактериялардың 99 пайызын жоюға қауқарлы.

Сыйымдылығы он мың литрлік резервуар біршама су қорын жинауға мүмкіндік береді. Осыны ескерген Бельгия үкіметі жер үйлер мен жаңадан салынатын көпқабатты үйлерге жерасты қондырғысын орнатуды міндеттейтін заң қабылдады. Кәсіпорын өкілдері соңғы жылдары шойын қазандыққа сұраныс артқанын айтады. Экологтардың пайымынша, жауын-шашынның тамшысын тиімді пайдалану арқылы ауызсуды тұрмыстық қажеттілікке тұтынуды кем дегенде 44 пайызға қысқартуға болады.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Сондықтан Еуропа елдерінде ішетін суды көлік жууға, бау-бақшаны суаруға пайдалануға тыйым салынып жатыр. Отельдерде туристерге «душты тек 4 минут қана пайдаланыңыз» деген нұсқаулық енгізілді. Және қонақ үйлер бассейндерін тек теңіздің суымен толтыруға міндетті. Сарапшылар суды үнемдемесе, экономикалық, экологиялық дағдарыс мұнан сайын өршитінін айтуда.

Бөлісу