Ресейде ұлттық компаниялардың акциялары құнсызданды
Батыс санкцияларының әсерінен Ресейдің ірі ұлттық компанияларының акциялары құнсызданды. Мәскеу биржасының негізгі индексі қазан айының ортасында шамамен 2 мың 400 пункт деңгейінде саудаланды. Бұл көрсеткіш 2019 жылдың басындағы деңгейге жуық. Ал осы уақыт аралығында Ресейдегі тұтыну бағалары 71 пайызға өскен.
Сарапшылардың бағалауынша, Ресейдің қор нарығы 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында да инвесторлар үшін табысы төмен активтердің бірі болды. Ірі компаниялардың акцияларына сыртқы капиталдың келуі шектелді. Бұған ЕуроОдақтың санкциялары әсер етті.
Олег Смирнов, кәсіпкер:
Еуропалық бірқатар ірі серіктес бізбен жұмыс істеуден бас тартты. Сондықтан тез арада жаңа әріптес табу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Ресейден шамамен 10 мыңнан астам ірі инвестор кетті.
Еуропалық одақ үш ай бұрын Ресейге қарсы 21-санкциялар пакетін қабылдады. Шектеулер энергетика, банк жүйесі, криптовалюта операциялары және қосарлы мақсатта қолданылатын технологиялар салаларын қамтыды. Сонымен қатар Ресейдің көлеңкелі мұнай флотына жататын тағы 41 кемеге шектеу қойылды. Ал Ұлыбритания 8 қазанда Ресейдің мұнай компанияларына, мұнай тасымалдайтын кемелерге және санкцияларды айналып өтуге көмектесетін қаржы құрылымдарына қарсы жаңа шаралар жариялады.
Цецен Горяев, сауда портының директоры:
Санкция әсерін бірден сезіне қоймадық. Алайда жылдан жылға жағдай қиындауда. Бір елге өнімімізді экспорттау үшін үшінші мемлекет арқылы айналып өтеміз. Бұл бағаға да кері әсерін тигізуде.
Федералдық бюджеттің тапшылығы алғашқы алты айда 5,7 триллион рубльге жеткен. Бұл 2025 жылдың бүкіл жылындағы тапшылықтан да жоғары. Халықаралық қаржы нарықтарына қолжетімділіктің шектелуі кәсіпорындардың қаржыландыру мүмкіндігін де азайтады. Экономистер жыл соңына дейін Ресейде инфляция 15 пайыздан асатынын айтады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы