Басты Жаңалықтар Елімізде қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеген

Елімізде қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеген

Жыл басынан бері елімізде қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеген. Статистикадағы оң өзгеріс көңіл қуантады. Дегенмен қауіпсіз қоғам құру жолында әлі біршама жұмыс істеу қажет.  Әсіресе алкогольмен байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, отбасылық зорлық-зомбылықты тоқтату және азаматтарды алаяқтардан қорғау мәселесі күн тәртібінде тұр. Осы міндеттер бүгін  Үкіметтегі «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында қаралды.

Ішкі істер министрлігі ішімдік ішетіндермен күресті күшейтіп келеді. Себебі мас адамның өзіне де, өзгеге де қауіп төндіретіні белгілі. Жыл басынан бері ащы сумен байланысты 7 мыңға жуық құқықбұзушылық тіркелген. Қоғамдық орындарда мас күйде жүргені үшін 184 мыңнан астам азамат жауапқа тартылды.  Енді құқық қорғау органдары мәселенің алдын алудың кешенді моделіне көшпек.

Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:

Есепте тұрған адамдарға бақылау күшейтілді. Профилактика туралы жаңа заңның аясында қоғамға жат әрекет жасайтын адамдарға ресми ескерту берілуде. Отбасылық зомбылықтың жолын кесу мақсатында қауіп-қатерді бағалаудың ұлттық стандарты енгізілді. Осы стандарт бойынша отбасында жанжал шығаратын 58 мың адам тексерілді. Зорлық-зомбылықты қайталауы мүмкін адамдар қайта бақылауға алынды.

Сондай-ақ қауіпсіздік қамтамасыз ету үшін бүгінде елімізде 1 млн 800 мың камера орнатылған. Бейнебақылау арқылы 14 мыңға жуық қылмыс ашылыпты.   Ал «Антиколл-орталық» жобасы 1 миллион 600 мыңнан астам алаяқ қоңырауын бұғаттап, азаматтардың 389 миллион теңгесін сақтап қалды.

Ерлан Өтегенов, ҚР Бас Прокурорының орынбасары:

Онлайн несе беру және байланыс қызметтерін көрсету тәртібі қатаңдатылды.  Дропперлікті жарнамалайтын мыңнан астам материал жойылды. Нәтижесінде алаяқтық 20 пайызға, оның ішінде кибералаяқтық 22  пайызға азайды.

Ақпарат ағыны артқан сайын ақиқат пен жалғанның аражігін ажырату да қиындай түсті. Ал әлеуметтік желіде тексерілмеген мәліметтің таралуы қоғамдық пікірге әсер етіп, азаматтардың сеніміне селкеу түсіруі мүмкін. Осы бағытта Мәдениет және ақпарат министрлігі құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және жалған ақпаратқа қарсы іс-қимылға басымдық беріп отыр.

Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

Интернет желісіне жүргізілген мониторинг барысында жалған ақпарат белгілері бар 331 материал анықталды. Оның 180-і немесе 54 пайыздан астамы жойылды. Үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтарға мыңнан астам құқықтық кеңес берілді. 10 пікірталас алаңы ұйымдастырылды.

Премьер-министр Олжас Бектенов заң мен тәртіпті ел дамуының негізгі шарты ретінде атап өтті. Осыған орай Үкімет мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейтіп, қоғамдық орындар мен жолдардағы қауіпсіздікке қатер төндіретін адамдарды бақылаудың бірыңғай тетігін енгізуді көздеп отыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Өздеріңіз білетіндей, «Заң мен тәртіп» ол қазіргі таңда ең жоғары Конституциялық деңгейде бекітілген мемлекетіміздің негізгі қағидаттары. Сондықтан дәл осындай құндылықтарды бәріміз кеңінен насихаттауымыз, ілгерілетуіміз керек. Тәртіп болмаса, елімізде ешқандай экономикалық, әлеуметтік саяси, басқа да мақсаттарға қол жеткізу мүмкін емес.

Расында басты міндет - тәртіпсіздікті тыю. Өйткені заң үстемдігі қағаздағы қағидамен емес, күнделікті қауіпсіз қоңырқай тіршілікпен өлшенеді.

Бөлісу