Ұлттық мерекені аймақтарда сән-салтанатпен тойлауда
Республика күні аймақтарда да бар сән-салтанатымен өтіп жатыр. Қазір бізбен Батыс Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облысындағы тілшілеріміз байланысқа шығуға әзір тұр. Алдымен, Жайық жұртының мерекелік көңіл-күйін білейік. Ардақ, мереке құтты болсын, аймақта қандай іс-шаралар өтіп жатқанын өзіңнен білсек.
БҚО
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Рахмет, Алла! Иә, Орал өңірінде де ұлық мереке әдемі рәуіште өтіп жатыр. Қазір біз өнер ордасындағы салтанатты шарадамыз. Аймақтың әр саладағы жетістіктері аз емес. Соңғы 3 жылда өңірде 7 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. 38 жаңа мектеп салынды. Барлығы 132 әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді. Осы бір ауқымды жетістіктің артында әр маманның еселі еңбегі жатыр. Бүгін өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бір топ сала үздіктері марапатталды. Оларға «Парасат», «Құрмет», «Еңбек Даңқы» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары табыс етілді. Бұдан бөлек мереке қарсаңында ауыл-аймақта жәрмеңке, концерт, салтанатты шаралар ұйымдастырылады. Ал айшықты мереке Сыр өңірінде қалай тойланып жатыр? Әріптесім Әділбек Серікұлынан білсек.
Қызылорда
Әділбек Серікұлы, тілші:
Рақмет, Ардақ. Ырысты-күрішті Сыр елінде Республика күні бір жетіден бері түрлі шаралармен айшықталып жатыр. Соның ішінде «Менің елім - менің туым» акциясы айқын көрініс тауып, шаһардағы әсем ғимараттар мен көпқабатты үйлердің қас бетіне көк байрағымыз ілініп, патриоттық рухтың лебі сезіліп тұр. Бүгін Сырдың сол жағалауынан 160 пәтерлік екі тұрғын үй ел игілігіне беріліп, баспана тауқыметін көріп келген отбасыларға табысталды. Мұнан бөлек, Сыр диқандары күзгі-жиын терімді аяқтап, қамбаны дәнге толтырған еңбек озаттары марапатталды. Жалпы аймақ шаруалары биыл 400 мың тоннадан астам күріш дақылын жинаған. Ал Республика күніне арналған салтанатты шара дәл қазір Өнер орталығында өтіп жатыр. Ресми шарада еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып, қажырлы еңбек еткен түрлі сала мамандары мен ардагерлер ардақталып, мемлекеттік наградалар табысталып жатыр. Ал Жамбыл жеріндегі мерекелік көңіл-күйді әріптесім Данияр Әлімқұл айтып берсін. Данияр.
Тараз
Данияр Әлімқұл, тілші:
Иә, Әділбек, Әулиета жерінде әуелеген ән мен күмбірлеген күйден маңызды мерекенің ауаны айрықша сезіледі. Қазір біз қаладағы сауда орталығының бірінде тұрмыз. Мұнда 100 оқушы жиналып, барлығы бір мезетте күй тартып жатыр. Олар Балбырауын, Адай, Ерке Сылқым, Көроғлы және Келіншек күйін нәшіне келтіріп орындап, көпшіліктің көңіл-күйіне рухани әр берді. Жалпы қалада Республика күніне орай әкімдік тарапынан осындай ән-жыр кешін ұйымдастырудан бөлек, мынандай сауда орындарына келушілер үшін 10 мен 30% аралығында жеңілдіктер жасалған. Әзірге айтар ақпарым осындай. Сөз кезегін Алла өзіңе беремін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы