Басты Жаңалықтар Атырау облысының кәріз жүйелерін толық ауыстырады

Атырау облысының кәріз жүйелерін толық ауыстырады

Атырау облысында кәріз жүйелері тегіс жаңартылмақ. Қазір қаладағы 11 кәріз сорғы станциясы мен 33 шақырымнан асатын желі ауыстырылып жатыр.  Ұлттық жоба аясында тағы 4 кәріз сорғы станциясын жөндеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар аудандардағы кәріз тазарту станциялары да жұмыстарын бастаған. Бұның барлығы энергетикалық және коммуналдық секторды дамыту жөніндегі бағдарлама аясында жүзеге асады.

Исатай ауданына қарасты Аққыстау ауылы мен Өркен елді мекенінде 10 мыңға тарта тұрғын бар. Олардың үйлерінен шығатын кәріз сулары іргедегі булану алаңына төгіліп, төңіректі жағымсыз иіс жайлайтын. Енді мәселе шешімін тапқандай, күніне 2300 текше метр су тазалайтын жаңа кәріз тазарту ғимараты салынып, жұмысын бастады.

Евгениуш Качмарек, инженер-технолог:

Қазір біз бактерия өсіріп жатырмыз. Кәріз суларын тазартуды бастадық. Әзірге күніне 1800 кубтай су келіп тұр. Ауылдан келетін құбырларды тексеріп болғасын жұмыс ауқымы тағы кеңейеді.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Қазір мұнда құрылыс әлі де жүріп жатыр. десе де нысан өз жұмысын бастап кеткен. әзірге жеке секторлардан шыққан кәріз сулары төгіліп, тазаланып булану алаңына техникалық су ретінде жіберілуде. Ал мекеме толық күшіне енсе әлеуметтік нысандар, көпқабатты тұрғын үйлер де осында қосылмақ.

Ерболат Мақашев, Аққыстау ауылдық округінің әкімі:

Сонымен қатар көрші ауылдарды да қабылдауға мүмкіндік бар. Осыған дейін булану алаңына сарқынды су төгілсе қазір оның орнын қалыпқа келтіру жоспарда бар.

Ал облыс орталығындағы кәріз желілерінің 90 пайызы тозып тұр. Қазір жаңа тұрғын үйлер салынып, желіге жүктеме көбейіп барады. Сондықтан 33 шақырымнан аса кәріз желісі жаңартылып жатыр. 31 учаске санация әдісімен жөнделмек. Бұған қоса 11 кәріз сорғы станциясы модернизацияланады.

Мейірім Қалауи, «Атырау су арнасы» мекемесінің басшысы:

Биылғы жылы біз 4 сорғы станциясын жөндеуден өткізуді жоспарлап бастап жатырмыз. Бұл қаладағы кәріз желілерінің тозуын 50 пайызға дейін түсіруге мүмкіндік береді.

Қаладан шыққан кәріз сулары «квадрат» булану алаңына төгіледі. Мұнда жоба құны 40 млрд теңгені құрайтын жаңа станцияның құрылысы жүріп жатыр. Бірақ вице-премьер Қанат Бозымбаевтың аймаққа сапары кезінде жобадан біраз шикілік анықталды. Жауаптыларға енгізілуі тиіс өзгерістерді тезірек анықтап, нақты шешім ұсыну тапсырылды.

Бөлісу