Басты Жаңалықтар Үшжақты кездесу алдағы айға жоспарланды

Үшжақты кездесу алдағы айға жоспарланды

Ресей алдағы айда Украинамен арадағы келіссөздерді қайта бастауға қарсы емес. АҚШ-тың арағайындығымен өтуі мүмкін кездесу араб елдерінің бірінде жоспарланып отыр. Бұл турасында Петербургте сәрсенбіде ұйымдастырылған жүздесуден кейін мәлім болды. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Мәскеу АҚШ-тың қатысуымен қарашаның басында Украинамен келіссөздерді қайта жандандыруға дайын. Мұны Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді. Оның сөзінше, делегация құрамы әзірге бекітілген жоқ.

Алайда үшжақты кездесу алдағы айда Біріккен Араб Әмірліктерінің Әбу-Даби қаласында өтуі мүмкін. Онда талқыланатын негізгі тақырып – соғыстан кейін екі жаққа да қауіпсіздік кепілдігі.

Юрий Ушаков, РФ Президентінің көмекшісі:

Президентіміз Стив Уиткоффқа негізгі мәселелер бойынша үшжақты келіссөздерді 10 қарашада қайта бастауға дайын екенін жеткізді. Әңгіме – қақтығыс аяқталғаннан кейін Ресей мен Украина үшін қауіпсіздік жүйесін құру жайында. Ал АҚШ өкілі мұндай шешімді президент Трамптың зор ризашылықпен қабылдайтынын атап өтті.

Ушаков бұл мәлімдемені өткен тәуліктегі кездесуден кейін жасады. Айта кетсек, сәрсенбі күні Санкт-Петербургтың императорлық сарайында Владимир Путин мен АҚШ-тың арнайы елшісі Стив Уиткофф жүздесті. Үш сағатқа созылған келіссөздерде Украина мәселесі басты тақырып болды. Қабылданған шешімді президент Владимир Зеленский де құптап отыр.

Владимир Зеленский, Украина:

Күн тәртібі айқын: Ресей үшжақты кездесуге қарсы емес. Америка жағы оны мүмкіндігінше тезірек өткізуді ұсынып отыр. Біз мұны қолдаймыз.

Уиткофф Петербургке аттанардан бұрын ең алдымен Ослода Зеленскиймен кездесіп, Ресейге түрлі идеяларға толы құжаттар апара жатқанын айтты. Мәскеу бұл ұсыныстарды толық қолдамайтынын білдіргенімен, олардың жалпы бағыты дұрыс екенін атап өтті.

Тағы бір айта кететін жайт – Путин мен Уиткофф Иран проблемасын да қозғады. Кремльдің дерегінше, Ресей Тегеранмен жақсы қатынастарын пайдаланып, АҚШ пен Ислам Республикасы арасында бейбітшілік орнатуға ықпал етуге әзір.

Бөлісу