Кәсіп бастауға арналған қайтарымсыз грант беру тоқтатыла ма?
1 қазаннан бастап жұмыс іздеп жүрген азаматтарға қызмет көрсету тәртібі өзгере бастады. Енді азаматқа жұмыссыз мәртебесі берілгенге дейін жұмыс іздеу мерзімі 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылды. Ал жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемнің ең ұзақ мерзімі алдағы 1 қаңтардан бастап үш айға дейін қысқарады. Бұл алты ай еді.
Биыл тамыз айына дейін жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді 314 455 адам алған. Оларға 100,8 млрд теңге төленді. Ең бастысы – көрсетілетін қолдау азаматты жұмысқа орналастыруға бағытталады, – дейді үкімет. Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы II тоқсан бойынша дерегіне сәйкес, елімізде 444,6 мың жұмыссыз бар.
Жұмыссыздықты азайту үшін қабылданып жатқан инструменттердің ішінде грант беру, яғни «балық емес, қармақ беру» тәсілін алсақ.
Жадыра – 4 баланың анасы. Қосшы қаласында тұрады. Ілгеріде тігін фабрикасында жұмыс істеген. Кейін жеке ателье ашқан. Әдепкіде жалғыз тігін машинасымен шаруа өнбеген. Сосын кәсіпті кеңейтуге қайтарымсыз грант алыпты.
Жадыра Жұмабекқызы, тігінші:
Қайтарымсыз грант қаржысына тігіске қатысты барлық құрал-жабдықтарды алдым. 4 машина алдым. Жылдан-жылға өсіп келе жатырмыз. Болашақта жұмыс көлемін үлкейтіп, фабрика, цех ашу – арманым.
Бірақ қайтарымсыз қаржы алған азаматтардың барлығы Жадырадай емес. Кәсіптің оқуын тапқанмен, көзін таппағандар бар. Ал мемлекеттік гранттың мақсаты – біреу. Ол – әлеуметтік осал топтағы азаматтардың бизнес бастамасын қолдау. Алайда...
Назима Жұбандықова, «Әділдік жолы» РҚБ ЖОФ басшысы:
Мәселен, көпқабатты үйде тұратын азаматтар сиыр асырау, сүт өнімдері туралы жобалар ұсынған. Сарайы жоқ, бағып-қағатын жағдайы жоқ қой. Осыдан-ақ түсінікті – жобалардың көбісі жүзеге аспайтындығы.
Жоғары аудиторлық палата былтыр 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті жариялады. Дерекке сүйенсек, 2022 жылы мемлекеттік грант иеленген 21,6 мың адамның тең жартысы, ал 2023 жылы қолдау алған 9 мыңдай азаматтың 3 мыңы кәсібін тоқтатқан. Оларды қаржыландыруға 37 млрд теңге бөлінген.
Назима Жұбандықова, «Әділдік жолы» РҚБ ЖОФ басшысы:
Тараз қаласында қалалық комиссия құрамында болдым. Бізде мына санаттағы азаматтардың қаржылық сауаттылығы жоғары емес болғандықтан, бұл жоба әрі қарай жүзеге аспай жатыр. Тиімділігі өте төмен. Өміршеңдігі ұзақ болып жатқан жоқ.
2024 жылы 9 мыңдай азамат грант алған. Былтыр да осы шамада бөлінген. Биыл министрлік қайтарымсыз гранттар көлемін қайта қарап отыр.
Нысанбай Сисен, ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің басқарма басшысы:
2026 жылға 9 мыңға жуық жоспар бекітілген. Бірінші лек бойынша 4 мыңға жуық азамат грант алды. Екінші лек тоқтатылды. Қазіргі таңда гранттың тиімділігі бойынша жұмыс жүргізілуде.
Демек, қайтарымсыз қаржы алғандардан қайтым қандай деген мәселе зерттелмек. Егер тиімділігі төмен деп тапса, жоба тоқтауы мүмкін.
Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:
Жалпы жаңа бизнес бастамаларға берілетін грант мөлшері 400 АЕК-ке дейін жетеді. Биыл бұл шамамен 1 730 000 теңге. Талапқа сәйкес, қайтарымсыз қаржы алғандар 1,5 жыл ішінде бір адамды жұмыспен қамтып, 2 жыл бойы есеп беріп тұруы тиіс. Ал бұл талап орындалмаса...
Аида Мұратқызы, «Мансап» орталығының директоры:
Грант ұтып алған азаматтар, егер келісімшарт бойынша талаптарды орындамаған жағдайда, заң арқылы кері қайтартады.
Осы ретте Жоғары аудиторлық палата есебіне тағы бір зер салайық. Уәкілетті орган 2022–2023 жылдары 5 мыңнан астам кәсіпкерге берілген 6,2 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылу қаупі жоғары деді. Атап айтқанда, бірқатар грант алушы кәсібін тоқтатқан немесе кәсіпкерлік табысын декларацияламаған. Сонда грант кімдерге тиімді болды?
Назима Жұбандықова, «Әділдік жолы» РҚБ ЖОФ басшысы:
Малдың көзін білетін, қолынан тігіс келетін шеберлерге – бұған дейін сол тіршілікпен айналысып жүрген азаматтарға ғана тиімді.
Бұл жобаның тағы бір қыры – жұмыссыздықты азайту. Былайша айтсақ, мемлекет көмегіне тәуелді болғызбау. Алайда кәсібі жүрмей қалған адам қайтадан жұмыссыздар қатарына қосылады. Қазір елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайыз. Былтыр жұмыссыз қалған 354 мыңдай азаматқа 130 млрд теңге төленген. Келер жылдан бастап Әлеуметтік кодекске өзгерістер енгізілмек.
Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Қазір жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алты ай бойы төленеді. Ал жұмыс іздеуші ретінде тіркелу мерзімі үш күнді құрайды. Бұл нормалар пандемия кезінде енгізілген. Енді Еңбек министрлігі бұрынғы тәсілге қайта оралуды жоспарлап отыр, бірақ өзгерістер енгізіледі: жәрдемақы үш ай төленеді, ал тіркелу мерзімі 14 күнге дейін ұзартылады.
Бұған дейін Асқарбек Ертаев өзгерістерді енгізуге «көлеңкелі схемалардың» түрткі болғанын айтқан. Себебі қазір жұмыссыздыққа байланысты әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшеріне арнайы шек қойылмаған. Енді жаңа тәртіп бойынша төлем сомасы белгілі бір шектен аспайды.
Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:
Жұмысынан айырылған азамат екі қолға бір күрек тапқанша қаржылай көмекті қалай алады? Түсіндірейік. Келер жылдан бастап жұмыссыздық бойынша жәрдемақының ұзақтығы әлеуметтік аударымдар қанша уақыт төленгеніне байланысты болады. Мәселен, аударымдар бір жылға дейін жасалса, төлем бір айға, бір жылдан екі жылға дейін болса, екі айға, ал екі жылдан асса, үш айға дейін беріледі. Ал жұмыссыздық бойынша ең жоғары жәрдемақы жеті ең төменгі жалақының 45 пайызынан аспайды. Қазіргі ең төменгі жалақыны есепке алғанда, ол айына 267 мың 750 теңгеге тең. Бірақ бұл соманы бәрі бірдей алмайды. Себебі жәрдемақы әр азаматтың бұрынғы табысы мен әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай есептеледі.
Үш ай ішінде Мансап орталығы адамның білімі мен дағдыларын бағалап, жұмыс табылмаса, кәсіптік оқуға немесе қайта даярлауға бағыттайды.
Жанарыс Райымбеков, экономика ғылымының докторы:
Егер мемлекет әлеуметтік төлем мерзімін қысқартса, оның орнына жұмысқа орналасу тетіктерін күшейту керек. Мәселе – қанша ақша төленгенінде емес, мәселе – соның нәтижесінде.
Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:
Десе дегендей. Мұндағы мәселе қолдау көрсетумен қатар, оның өміршеңдігінде жатыр. Былайша айтсақ, қайта оқытуға немесе кәсіп ашуға деп бөлінген қаражаттың қайтарымы қағаздағы есеппен емес, жұмыссыз қалған адамның қолында сынбайтын қармақ қалуымен өлшенеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы