Мемлекет басшысы Камбоджа премьер-министрімен келіссөз жүргізді
Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен Камбоджа Премьер-министрі келді. Ақорда сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевпен Хун Манет шілде айында ғана Шанхайда кездескен еді. Енді міне Мемлекет басшысы мәртебелі мейманды ақорда сарайында қарсы алып жатыр. Жалпы Қазақстан мен Камбоджа арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жылдан асты. Енді екі ел осы саяси әріптестікті нақты экономикалық нәтижеге ұластыруға ниетті.
Ресми рәсімнен кейін келіссөз екеуара әңгімемен жалғасты. Мемлекет басшысы бұл сапардың тарихи мәніне тоқталып, екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беретінін айтты. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады. Қазақстан тікелей әуе қатынасын ашуды ұсынды. Ал кеңейтілген келіссөзде Президент Қазақстанның БҰҰ-дағы бастамаларын қолдағаны үшін Камбоджа тарапына алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
Биыл екі ел арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 32 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде мемлекеттеріміз сындарлы саяси диалог жүргізіп, өзара тиімді ынтымақтастықты дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. Қазақстан Камбоджаны Оңтүстік-Шығыс Азиядағы сенімді серіктесі және АСЕАН ұйымымен ықпалдастықты кеңейтудегі маңызды елдердің бірі ретінде қарастырады.
Камбоджа Оңтүстік-Шығыс Азиядғы шағын ел. Халық саны 18 миллионнан асады. Ел экономикасында ауыл шаруашылығы мен тігін өнеркәсібінің үлесі жоғары. Монархиялы мемлекет. Ел басшысы король. Дегенмен негізгі билік премьердің қолында. Ал қазіргі бас министр Хун Манет бұл лауазымға 2023 жылы келді. Ол елді бұған дейін 38 жыл басқарған Хун Сеннің ұлы.
Хун Манет энергетикалық ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді. Сондай-ақ Қазақстанның цифрландыру тәжірибесін жоғары бағалады. Камбоджа электронды үкімет саласында тәжірибе алмасуға ниетті. Мемлекет басшысы да жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай әлеует бар деген пікірде.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
Сіздің және делегацияңыздың елімізде жасанды интеллектіні дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларға қызығушылық танытып отырғандарыңызды білемін. Еліміз БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту индексіне сәйкес, барлық бағытта оң динамика көрсетіп келеді. Ортақ ниет пен берік саяси ерік-жігер болса, өзара мүддемізге сай келетін көптеген бағыт бойынша ынтымақтастық аясын кеңейте алатынымызға сенімдімін.
Жаслан Мәдиев, ҚР премьер министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
Олар біздің жасанды интеллект, егов, ғарыш саласына қызығушылық білдіріп отыр. Біз оларға қандай жасанды интеллект шешімдері және мектептерге, университеттерге жасанды интеллект қалай енгізгенімізді көрсетуге дайынбыз.Камбоджа ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінде де ынтымақтастықты арттыруды көздейді. Азық-түлік қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады. Хун Манет екі елдің білім саласындағы байланысына ерекше тоқталды.
Хун Манет, Камбоджа корольдігінің премьер-министрі:
Камбоджаның 120-дан аса студенті Қазақстанда білім алды. Бүгінде олардың көбі провинцияларда губернатор, мемлекеттік хатшы лауазымдарында еңбек етуде. Сонымен қатар мемлекеттік органдарда жауапты қызметтер атқарып жүр. Бұл елдерімізді ортақ тарих пен халықтарымыз арасындағы тығыз қарым-қатынас байланыстыратынын аңғартады.Келіссөздер қорытындысында тараптар Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сондай-ақ алты меморандумға қол қойылды. Құжаттар сауда, цифрландыру, мәдениет және туризм салаларын қамтиды. Ал Астана мен Пномпень арасында бауырлас қалалар атанды. Осылайша екі ел ынтымақтастықты кеңейтудің нақты бағыттарын айқындады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы