Король Филипп: Шаңырағыңыз биік болсын!
Елімізге тақтағы Еуропа монархтарының ішінде бірінші болып бельгиялықтардың корольдік отбасы келді. Құрамында жүзден аса лауазым иесі бар делегация протоколдық шаралармен шектелмеді.
Логистика, құрылыс, ауыл шаруашылығы, медицина салаларын қамтитын 16 құжатқа қол қойылды. Бельгия дегенде бір мемлекетті ғана ойламайсың. Ол Еуроодақ пен Солтүстік Атлантика одағының штабы. Мұны бір деп қойсақ. Символдық рөл атқарады дегенмен, королі де беделді тұлға. Корольдік әскери академиясын тәмамдаған Филипп – Оксфордтағы Троица колледжінде және Стэнфорд университетінде білім алған саясаттану магистрі. Матильда патшайым екеуі төрт бала өсіріп отыр. Матильда да ақсүйек отбасынан шыққан. Өмірбаянын қарасақ, бірнеше іргелі білім алған, мамандықтар игерген.
Қазақ дүниетанымымен, дәстүрімен, өнерімен ілтипатпен танысқан король отбасының бізге байланысты пайымы артқаны сөзсіз. Бұл бірден байқалмайтын, көзге көрінбейтін, дегенмен пайдалы, болашаққа да қатысы бар дипломатиялық өрмек.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Бәйтерек – Корольдің көзімен. Иә, Астананың әдемілігіне тамсанып, алып ғимаратқа алыстан көз тастап тұрған Король Филипп пен патшайым Матильданың осы фотосы шартарапқа лезде тарады. Бұл жай ғана хаттамалық сурет емес, үлкен дипломатияның бастауы еді. Бельгиялықтардың королі Филипптің мемлекеттік сапары ресми келіссөздермен ғана шектелген жоқ. Мәртебелі меймандар қазақ жерінде үш күн тұрақтап, еліміздің бай тарихымен, терең дәстүрімен танысты.
Король Филипп пен патшайым Матильда қазақстандық әуекомпаниясының чартерлік рейсімен ұшып келді. Осының өзі-ақ біздің елге деген сенімнің көрінісі болса керек. Жалпы, әуе кеңістігі – король үшін таңсық сала емес. Ол – кәсіби ұшқыш. Бала кезінен авиацияға қызығып, осы салада білім алған. Кейін Оксфорд және Стэнфорд университеттерінде саясаттану бағытын оқыды. 2013 жылдан бастап әкесі Альберт ІІ денсаулығына байланысты тақтан бас тартқан соң, Филипп бельгиялықтардың королі атанды. Бұған дейін елімізге үш рет тақ мұрагері ретінде жолы түскен Король Қазақстанға, тіпті Орталық Азияға алғаш рет мемлекеттік сапармен келді.
12 млн тұрғыны бар Бельгия – конституциялық монархия. Үкіметті премьер-министр басқарады. Ал Брюссель – тек Бельгияның емес, тұтас Еуропаның бейресми астанасы. Себебі онда Еуроодақ кеңсесі, Еуропалық комиссия, Еуропарламент ғимараттары және НАТО-ның штаб-пәтері секілді маңызды нысандар орналасқан. Сондықтан бұл сапар тек Бельгиямен емес, Еуропалық одақ елдерімен байланысты нығайтудың төте жолы. Король 100-ден астам делегация өкілімен келді.
Мәртебелі меймандарды Ақорда барынша сән-салтанатымен қарсы алды. Ал қызыл көйлегімен көзге түскен патшайым жарқын образымен ғана емес, жылы жүзімен, байыптылығымен монархиялық әулеттің мәдениетін көрсетті. Матильда – Бельгияға белгілі саясаткер, ақсүйектің қызы. Логопед, психология мамандықтары бойынша білім алған ол қазір әлеуметтік мәселелерге ерекше мән береді. Корольдік жұптың екі ұлы, екі қызы бар. Ер азаматының әр қадамына құрмет білдіріп, алдына түспей, барынша биязы, сабырлы қалпын сақтаған патшайымның бұл қасиеті – қазақ аналарының болмысына ұқсайтындай.
Аман Мамбеталиев, саясаттанушы:
Корольдің өзі де айтып кеткен. Қазақстан мен Бельгияның ұқсастықтары бар екен. Егер байқасаңыз, король қалай қарсы алып, патшайым артта құрметтеп жүргенінің өзі қонақты сыйлау, адамды сыйлау, үлкен сыйлау дегендей, сол біздің тәрбиеде бар болғаннан кейін ол бізге өте жылы көрінеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бельгияның «L’union fait la force» деген ұлттық ұраны қазақтың «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген тәмсілімен мағыналас. Біздің достығымыз осы ортақ құндылықтарға негізделген. Аталған мемлекеттік сапар Қазақстан–Бельгия қарым-қатынасын ілгерілетуде бетбұрысты сәт болатынына сенімдімін. Қазақстан халқы Сіздің мейірімді, бекзат әрі парасатты болмысыңызды әрдайым құрмет тұтады.
Филипп, Бельгиялықтар Королі:
«Шаңырағыңыз биік болсын!». Мен бұл сөзді дұрыс айттым деп ойлаймын. Қазақстанға мемлекеттік сапарымыздың мәнін аталған тілек толығымен ашады. Отбасы бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығын, ырыс пен несібені, бейбіт өмір мен жылы ұяны осы бір ауыз сөзге сыйдыруға болады.
Сонымен, шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесу, ертесі өткен іскерлік кеңестің төртінші отырысы нәтижесінде тараптар қандай келісімдерге келді?! Әуелі сирек металдар. Еуропа 34 металды стратегиялық тізімге қосқан. Оның 21-і бізде бар. Тараптар бұл жолы елімізде бірлесе терең өңдеу мәселесіне тоқталды. Екіншіден, екі ел көлік-логистикалық бағыттың да әлеуетін пайдаланбақ. Тараптар Антверпен–Брюгге порты мен Ақтау және Құрық порттары арасында тікелей серіктестік орнатып, «ақылды порт» технологиясын енгізуге ниетті.
Шыңғыс Ергөбек, саясаттанушы:
Бельгия – үлкен транзиттік мемлекет. Бельгияда бірнеше үлкен порттық қалалар орналасқан. Бұл бізге маңызды стратегиялық басымдық беріп қана қоймай, Еуропа нарығына деген маңызды қақпалардың бірін ашады.
Анри-Франсуа Вандепютт, VANDEPUTTE HUILERIE компаниясының әкімшісі:
Бүгін біз үшін маңызды күн. Себебі біз Қазақстанның үш компаниясымен осы маусымда зығыр тұқымын жеткізуге қатысты негіздемелік келісімшарттарға қол қойып жатырмыз.
Меймандар Әлем-AI орталығының жұмысымен де танысып, еліміздің инновациялық жетістіктерін көрді. «Horizon Europe» бағдарламасы аясында осы орталықта AI MathLab зертханасы құрылып жатыр. Ал екіжақты ректорлар форумы нәтижесінде 12 университетаралық құжаттарға қол қойылды. Болашақта Бельгияның Антверпен, Гент, Хасселт, Лувен, Хауэст, Монс университеттері Қазақстандағы ЖОО-лармен бірлесе жұмыс істеуге дайын.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Іскерлік кездесулерден соң Король мен патшайым елордадағы балаларды оңалту орталығына барды. Дәл осы жерде Матильда патшайымның балалармен жұмыс істеу тәжірибесі бар екені бірден байқалды. Емін-еркін тілдесіп, хал-жағдайын сұрасты. Бүлдіршіндер ән салып, домбыра шертіп, бар өнерін ортаға салды. Бұдан соң меймандар Ұлттық музейге барып, қазақтың тарихы мен дәстүрін дәріптейтін экспозициялармен танысты. Кейін Президентке шетел басшылары сыйға тартқан асыл тұқымды тұлпарларды күтіп-баптау әдісін көзбен көріп, ұлттық ат спорты ойындарының көрсетілімін тамашалады. Корольдік отбасының сапары бұдан әрі Алматыда жалғасты.
Нұрболат Нышанбаев, Тұран университеті халықаралық қатынастар және дипломатия жоғары мектебінің директоры:
Бұл жолғы сапардың маңызына тоқталсақ, Бельгия королі тек саяси тұрғыда құжаттардың аясында ғана емес, саяси емес, әлеуметтік құрылымдарға сапарлар жасауы екі мемлекеттің арасындағы байланыстың идеологиялық әрі тарихи негізде тағы бір жақындағанын көрсетіп отыр. Бұл тұрғыдан алғанда Корольдің елімізге сапары ұзақ мерзімді бірнеше декадаға арналған үлкен жобалардың фундаментін құйып кетті десек болады.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Салтанатты концерттік шараға қатысқан патшайымның қазақстандық зергердің қолынан шыққан оюлы сырға таққанын да аңғардық. Бұл мейманның біздің елге деген ілтипаты болса керек. Корольдік жұп ресми парақшасында рақмет айтып, Қазақстанға жасалған мемлекеттік сапардың жарқын сәттері деп жазба да қалдырды. Король мен патшайым қазақтың экономикалық әлеуетімен ғана емес, тарихымен, дәстүрімен, ұлттық болмысымен, тіпті қазақтың тұтас тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Екіжақты келісімдер мен сұхбаттарды тек саясаткерлермен емес, символдық мәнге ие болса да, мәңгілік институттармен де жүргізудің мағынасы – сол байланыстарды болашақ ұрпақтың емін-еркін әрі достық рәуіште жалғастыруының кепілі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы