Қазақстан мұнай экспортын кеңейтпек: Баку–Тбилиси–Жейхан бағытының маңызы қандай?
Бакуде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 7-саммиті өткен, сонда Президент Қ. Тоқаев Әзербайжанмен бірлесіп, Баку–Тбилиси–Жейхан құбыры арқылы тасымалданатын қазақ мұнайының көлемін арттыру жоспарын айтты.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Иә, Баку саммитінде Президент Қазақстан мұнайының экспорттық бағыттарын кеңейту жоспарын жариялады. Әңгіме сіз айтып отырған Баку–Тбилиси–Жейхан құбыры туралы болып отыр. Былтыр еліміз бұл бағытпен шамамен 1 миллион 200 мың тонна мұнай экспорттады. ҚазМұнайГаз 2026 жылы тасымалды 30 пайызға көбейтіп, 1 млн 700 мыңға жеткіземіз деп жариялаған. Жалпы, президенттер 2 миллион 200 мың тоннаға дейін жеткізу межесін қойған еді. Ал әзербайжандық сарапшылар болашақта бұл санды 6 миллионға дейін жеткізуге болатынын айтып отыр. Себебі бұл елде мұнай өндірісі жыл санап азайып барады. Баку өңдеу зауытына шикізат керек. Сондықтан бұл жерде Әзербайжанның да мүддесі бар. Дегенмен бұл Қазақстанның жалпы мұнай экспортымен салыстырғанда көп емес. Бірақ стратегиялық тұрғыдан маңызды. Қазір қазақ мұнайының басым бөлігі Каспий құбыр консорциумымен тасымалданады. Ал Баку–Тбилиси–Жейхан бағыты Ресей аумағын айналып өтіп, Жерорта теңізіне тіке шығады.
Ильхам Шабан, Мұнай зерттеу орталығының төрағасы:
Болжам бойынша, жақын жылдары бізде мұнай өндіру көлемі төмендей береді. Ал Бакудегі мұнай өңдеу зауытының жобалық қуаты қазірдің өзінде жылына 7,5 миллион тоннаға жетті. Яғни тағы бір миллион тонна артық өңдей алады. Каспийдің арғы жағындағы көршіміз Түрікменстанда да мұнай өндірісі азайып жатқанын ескерсек, алдағы жиырма жылда Әзербайжанның мұнай өңдеу саласына негізгі шикізат жеткізуші Қазақстан болады деп ойлаймын.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Жалпы Баку саммитінде көтерілген бастамалардың өзегі – өңірлік қауіпсіздік пен экономикалық байланыстарды нығайту. Президент Азия кеңесі аясында ортақ көлік стратегиясын әзірлеуді ұсынды. Бұл құжат Орта дәліз, Солтүстік–Оңтүстік, «Бір белдеу, бір жол» және TRIPP жобаларын өзара ұштастыруға бағытталмақ. Жасанды интеллект қауіпсіздігі де жеке мәселе ретінде көтерілді. Қазақстан оны Кеңес қызметінің алтыншы бағытына айналдыруды ұсынды. Президенттің тағы бір маңызды ұсынысы – қақтығыстардың алдын алатын дипломатиялық тетік құру. Оның мақсаты – елдер арасындағы қайшылықтарды қарулы қақтығысқа ұластырмай, келіссөз арқылы шешу. Жалпы, Қазақстан бастамашылық еткен Азия кеңесінің халықаралық салмағы мен маңызы артып келеді. Бакуда кеңес аясы кеңейіп, мүше мемлекеттер саны 29-ға жетті. Қазір құрылымды толыққанды ұйымға айналдыру жұмысы жүріп жатыр.
Ильгар Велизаде, саясаттанушы, «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының президенті:
Қазақстан Президенті қабылданған шешімдерді іске асыратын тетіктер қажет екенін үнемі айтып жүр. Біз кездесеміз, талқылаймыз, шешім қабылдаймыз. Бірақ сол шешімдерді орындау керек. Көп жағдайда бізге ортақ ережелер мен мақсаттар аймағымыздан тыс жерде белгіленеді. Бірақ уақыт өзгерді. Өзгелер біз үшін шешім қабылдайтын кезең артта қалды. Енді аймағымызға қатысты мәселелерді өз күшімізбен шешетін кез келді.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Цифрлық жібек жолы. Бұл жобаның ауқымы осы атаудан-ақ аңғарылады. Бейнелеп айтсақ, бұған дейін Орта дәлізбен жүк, мұнай және басқа да тауарлар тасымалданса, енді орасан көлемдегі цифрлық деректер жеткізілмек. Ақтау мен Сумгаит арасында төтесінен төселген кабельдің ұзындығы 380 шақырым. Ал өткізу мүмкіндігі секундына 400 терабиттен асады. Жоба толық жаңа жылдан бастап іске қосылады. Енді негізгі төрт пайдасына тоқталсам. Біріншіден, Қазақстанның цифрлық дербестігі нығая түседі. Қазір елімізге келетін халықаралық интернет трафигінің елеулі бөлігі Ресей мен Қытай арқылы келеді. Енді Еуропамен цифрлық байланыстың балама әрі ең қысқа жолы пайда болды. Бұл халықаралық байланыс желілерінің біріне зақым келген жағдайда да аса маңызды. Өйткені интернет қауіпсіздігі бүгінде ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Екіншіден, Қазақстан енді халықаралық деректерді тұтынушы ғана емес, оны тасымалдаушы мемлекетке айналады. Қытай мен Еуропа арасындағы цифрлық транзиттен жыл сайын 200 миллион долларға дейін табыс табуға болады. Үшіншіден, интернет жылдамдығы артады. Анығын айтсақ, дерек жеткізу уақыты қысқармақ. Яғни Еуропа мен Қазақстан арасындағы мәліметтер екі есе жылдамдықпен жетеді. Төртіншіден, жоғары технологиялық инвестицияларға жол ашылып отыр.
Бағдат Мусин, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы:
Осы кабель бізге технологиялық алып компанияларды алып келуге ықпал етеді. Амазон, Майкрософт, Нвидиа бар. Құны триллиондық компаниялар. Бірақ олар бізге талап қояды. Тәуелсіз бағыттар болуы керек. Сондықтан осы алыптарды тарту үшін, дата-центрлерді құру үшін, біз өзімізге міндеттеме алдық, біз жаңа бағыттарды қалыптастырамыз.
Бакудегі саммиттен кейін Президент Ереванға барды. Армения астанасында әлем елдерінің басшылары табиғат тағдырын талқылады. Бұл кездесу БҰҰ-ның биоалуантүрлілік жөніндегі COP17 конференциясы аясында өтті. Жиынның басты мақсаты – табиғатты қорғау жөніндегі халықаралық міндеттемелердің орындалуын жеделдету. Өйткені әлемде экологиялық дағдарыс тереңдеп, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктердің тіршілік ортасы тарылып барады. Жиында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатты қорғауды мемлекеттің ұзақ мерзімді даму саясатымен байланыстырды. Бұл ұстаным еліміздің жаңа Конституциясында да көрініс тапқан. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекеттіліктің негізгі қағидаттарының бірі ретінде бекітілді. Ал «Таза Қазақстан» қозғалысы қоғамның табиғатқа деген көзқарасын өзгертуге бағытталған. Президент халықаралық мінберде еліміздің нақты нәтижелерін де келтірді. Мәселен, 2003 жылы Қазақстанда небәрі 21 мың киік қалған еді. Биыл көктемде олардың саны 4 миллион 700 мыңға жетті. Қазір әлемдегі киіктердің 98 пайызға жуығы қазақ даласын мекендейді. Қар барысының саны да шамамен 190-ға жеткен. Ал жетпіс жылдан кейін қазақ жеріне жолбарыс қайта оралды. Бұл жобаларға шетелдік мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар да атсалысты. Президент Каспий теңізінің экологиялық жағдайына тағы да назар аударды. Соңғы жүз жылда Каспий итбалықтарының саны бір миллионнан 270 мыңға дейін азайған. Қазақстан теңіз жағалауындағы бес мемлекетті бірлескен әрекетке шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шөлейттену және су тапшылығы, басқа да экологиялық проблемалар табиғат пен адам арасындағы нәзік тепе-теңдікке орасан қауіп төндіреді. Судың жеткіліксіздігі мен жердің тозуы миллиондаған адам үшін үйреншікті жағдайға айналды. Мұның салдары тым ауыр. Себебі бұл үдерістер мемлекеттер аумағынан ары асып, орнықты дамуды тежейді әрі жаһандық тұрақтылыққа зардабын тигізеді. Мұқият ойластырылған және нақты шараларды қамтитын экологиялық күн тәртібі саяси қайшылықтарды еңсеруі қажет. Бізге шынайы серіктестікке, бөліп-жармауға негізделген, ең бастысы, нақты нәтижелерге қол жеткізуді көздейтін халықаралық ынтымақтастық керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы