Басты Жаңалықтар «Трамп дәлізі» Қазақстанға қандай пайда әкеледі?

«Трамп дәлізі» Қазақстанға қандай пайда әкеледі?

Қ. Тоқаевтың Орта дәліз бен «Трамп дәлізін» ұштастыру ұсынысын талдау керек. Өткен аптада Түркіменстанның Аваза қаласында Орталық Азия елдері мен Әзербайжан басшыларының кездесуінде айтты. Орта дәліз Қытайдан басталып, Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан және Грузия арқылы Еуропаға өтеді. Ал TRIPP немесе Зангезур дәлізі бағытындағы жоба Кавказ аймағындағы көлік тізбегін толықтырады.

Орта дәліз + Трамп дәлізі не береді, қандай мүмкіндіктерге жол ашады? Әлемдік саудада тауарды өндірумен қатар, оны тұтынушыға жеткізу де – маңызды. Демек, бізге осы мүмкіндікті барынша пайдалану – стратегиялық мұрат. Екіншіден, тасымал көлемінің артуы экономиканың бірнеше бағытының дамуына ықпал етеді. Теміржол қызметіне, терминалдарға, жүкті өңдеуге және өзге де логистикалық операцияларға сұраныс көбейеді.

Ең маңыздысы – әлемдік логистикалық ойыншылардың (АҚШ, Еуроодақ, Қытай, Түркия) мүдделерін тоғыстырады. Бұл бізге өте тиімді.

Әрине, Каспий теңізіндегі порттардың түбін тереңдету, кеме паркін ұлғайту және теміржол желілерін жаңғыртуға өте қомақты инвестиция керек. Дегенмен тамырын басып көретін жоба.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Қазақстан Қытай мен Еуропаны жалғайтын негізгі көпірге айналып келеді. Өйткені соңғы 4–5 жылда Транскаспий халықаралық бағытының, яғни «Орта дәліздің» маңызы артты. Себебі Ресей мен Украина арасындағы соғыс, Ирандағы күрделі ахуал әлемді балама жолдар іздеуге мәжбүрледі.

Өйткені өткен ғасырдан бері Шығыс пен Батысты жалғап жатқан негізгі жол Солтүстік дәлізі еді. Ол Қытайдан басталып, Қазақстан арқылы Ресейге, одан Беларусь арқылы Еуропаға жалғасатын.

Бірақ 2022 жылы Ресей Украинаға соғыс ашқасын бұл жолмен тасымал қиындап, Орта дәлізге сұраныс көбейді.

Орта дәліз арқылы тауар Қытайдан Қазақстанға, одан Каспий теңізі арқылы Әзербайжанға жеткізіледі. Әзербайжаннан Грузия арқылы немесе Иран арқылы Түркияға бағытталады. Тағы бір балама жол бар. Ол – тауарды Каспий арқылы бірден Иранға апарып, сол жақтан Түркияға жеткізу. Бірақ АҚШ пен Иран арасындағы жағдайдың ушығуына байланысты соңғы 2 маршрут қазір сенімсіз. Сонда Әзербайжан–Грузия бағыты ғана қауіпсіз.

Бұл бағыт қазір жұмыс істеп тұр. Бірақ бір ғана жол болғандықтан, тауарды темір жолдан автокөлікке ауыстыру, кедендік тексерулер уақыт алады. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев Орта дәлізді Зенгезур дәлізімен, яғни «Трамп дәлізімен» ұштастыруды ұсынды.

«Трамп дәлізі» – Армения аумағы арқылы Әзербайжанның негізгі бөлігін оның Нахчыван автономиялық аймағымен байланыстыратын жоба. Ресми атауы – TRIPP, яғни Trump Route for International Peace and Prosperity.

Қазақша: «Халықаралық бейбітшілік пен өркендеуге арналған Трамп бағыты». Бұлай аталуының себебі – 2025 жылы Вашингтонда Дональд Трамптың бастамасымен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян бірлескен декларацияға қол қойған. Егер Кавказдағы бұл жол ашылса, оған Орта дәліз қосылса, Қазақстанға тиімді.

Бауыржан Әукен, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ сарапшысы:

Орта дәліздің әлеуетінің артуына, сонымен қатар Орта дәліз арқылы өтетін тауарлардың, жүктің көлемінің артуына үлкен бір септігін тигізеді деп ойлаймын.

Жалпы, Орта дәліздің мүмкіндігі жыл өткен сайын артып келеді. Мысалы, осы маршрутпен тасымалданған жүк көлемі 2020 жылы 800 мың тонна болса, 2025 жылы 4 миллионнан асқан. 5 жылда 5 есе өсім.

Ал Дүниежүзілік банктің есебінше, 2040 жылға қарай Орта дәліздегі жүк көлемі қазіргіден төрт есе артуы мүмкін. Өйткені соңғы уақытта Орта дәлізге Қазақстан ғана емес, Еуропа елдері де назар аудара бастады. Себебі қазір Қытайдан шыққан кеме Үнді мұхитымен Суэц каналы арқылы Еуропаға жеткенше 40 күн кетеді. Ал Орта дәліз дамыса, жүк жеткізу уақыты 12–15 күн болуы мүмкін.

Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық комиссияның төрағасы:

Еуроодақ Орта дәлізді жетілдіруге 12 миллиард еуроға дейін мемлекеттік және жеке инвестициялар тартуды жоспарлап отыр. Мақсат – 2030 жылға қарай сауда бағыттарын әртараптандыру.

Қазақстан үшін бұл тасымалдан түсетін табысты арттыру ғана емес, елдегі инфрақұрылымды жаңартуға да мүмкіндік. Мысалы, соңғы 7 жылда елде 1 мың шақырым теміржол салынып, көптеген вокзалдар жаңартылған.

Темір жол бойынша ең ауқымды жоба – «Достық–Мойынты». Бұл бағыттың былтыр екінші желісі іске қосылды. Ол Орта дәліздің шығыс бөлігіндегі өткізу мүмкіндігін 5 есеге арттырған. Өйткені бұрын осы бағытпен күніне 12 пойыз жүрсе, енді 60 пойыз өтеді.

Қазақстанда темір жол желілерінің салынуына Қытай да мүдделі. Себебі Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы тасымалданатын тауардың 80 пайызы Қазақстанмен өтеді. Сондықтан олар да инвестиция құюға ынталы. Мысалы, Президент соңғы 10 жылда осы салаға 35 млрд доллар инвестиция құйылғанын айтқан. Алда тағы 5 мың шақырым жаңа теміржол салынбақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір «Мойынты – Қызылжар» теміржолы салынып жатыр. Қызылжар станциясынан Ақтау портына дейінгі учаскелер жаңғыртылады. Бұл бағдар – Транскаспий халықаралық көлік бағдарының басты бөлігі.

Транскаспий дәлізінің автомобиль жолдары да жаңғыртылып жатыр. Мысалы, қазір «Қызылорда–Сексеуіл», «Ұлғайсын–Сексеуіл», «Бейнеу–Сексеуіл» жолдарының құрылысы басталған. «Бейнеу–Сексеуіл» бағыты Транскаспий дәлізінің негізгі жолы болмақ. Осылайша, Қорғас пен Ташкенттен басталған жүк Шымкент пен Қызылорда арқылы Сексеуілге жетіп, одан Ақтау порты арқылы Бакуге, Ақтөбе арқылы Ресейге жалғасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл жоба Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау, Құрық порттарымен тікелей байланыстырады. Соның нәтижесінде Қытайдан Еуропаға дейін жүк тасымалдау ұзақтығы 1 мың шақырымға, ал жүк жеткізу мерзімі 3 тәулікке дейін қысқарады.

Жаңа жолдар аймақтағы елді мекендер тамырына да қан жүгіртіп, халықтың тұрмыс-тіршілігіне оң әсер етпек. Өйткені жолды отандық кәсіпорындар төсейді. Шамамен 10 мың жұмысшы тартылмақ. Саясаткерлер бұл бағыттың геосаяси салмағына мән беріп отыр.

Күршад Зорлу, Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары:

Әлемде саяси дағдарыс болып тұрғанда, түркі елдерінің ынтымағын нығайту қажет. Осы ретте Нахчыван мен Әзербайжан арасында салынатын 44 шақырымдық көлік желісін Орта дәлізге қосу маңызды. Бұл тек контейнерлік тасымал емес, гуманитарлық операциялар үшін де керек.

Айтпақшы, Трамп дәлізін басқару құқығы АҚШ компанияларында болады. Саясаткерлер аймаққа мұндай ойыншының келгенін құп көреді. Өйткені осы уақытқа дейін аймақта Ресей мен Иранның ықпалы күшті еді. Енді Армения арқылы Еуропаға шығатын маңызды маршрутты АҚШ бақылайды. Осындай мүдделер түйіскен тұста Қазақстанның географиялық орны оған үлкен мүмкіндік беріп отыр. Бірақ сол мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін соған сай болу қажет. Өйткені тасымалдаушылар үшін кедендік рәсімдердің жылдамдығы мен ашықтығы да маңызды.

Бөлісу