Басты Жаңалықтар Республика күніне орай Астанада 120-дан астам іс-шара өтеді

Республика күніне орай Астанада 120-дан астам іс-шара өтеді

Республика күніне орай Астанада 120-дан астам іс-шара өтеді

25 қазанда атап өтілетін Республика күніне орай Астанада 120-дан астам іс-шара ұйымдастырылады. Мерекелік бағдарлама аясында концерттер, көрмелер, спектакльдер, спорттық жарыстар, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі және жаңа нысандардың ашылуы жоспарланған.

Жаңа нысандар ашылады

Мереке қарсаңында елордада М. Төлебаев көшесі, 3 мекенжайында «TANYM SPORT» көпфункционалды кешені, Сұлтан Бейбарыс көшесі, 15 мекенжайында «TANYM ART» кешені ашылады. Сондай-ақ №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының қосымша ғимараты мен №2 қалалық көпбейінді аурухананың қабылдау-диагностикалық кешенін іске қосу көзделген.

Мәдени және білім беру бағдарламасы

20 қазанда сағат 17:00-де «Жастар» сарайында «Елім деп соққан жүрегім» патриоттық кеші өтеді. 21 қазанда Сәкен Сейфуллин музейінде «Ұлт рухын ұлықтаған Сәкен» атты мәдени-танымдық кеш ұйымдастырылады.

22 қазанда Достық үйінде ғылыми конференция, Орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлымен кездесу өтеді. Кешкі сағат 19:00-де «Жастар» сарайында «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі «Ұлы дала әуені» концерттік бағдарламасын ұсынады.

23 қазанда елордалық кітапханаларда кездесулер мен мәдени шаралар, ал Мемлекеттік «НАЗ» би театрында сағат 19:00-де «Аңсаған арман» концерті өтеді. 20–24 қазан аралығында мектептерде пікірсайыстар мен сурет байқаулары ұйымдастырылады.

25 қазанда Өнер музейінде сағат 11:00-де «Рухты ел» лекция-концерті өтеді. Музыкалық жас көрермен театры сағат 16:00-де «Қазақстан өнерінің мақтаныштары» шығармашылық кешін өткізіп, 18:00-де «Абай – Тоғжан» музыкалық драмасын сахналайды. Ә. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры көрермендерге «Жас Абай» спектаклін ұсынады. Сондай-ақ М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында «Ер-Төстік туралы аңыз» ертегісі көрсетіледі.

Аудандық концерттер мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі

24 қазанда елорданың алты ауданында, тұрғын алаптарда, гүлзарлар мен қалалық алаңда мерекелік концерттер өтеді.

24–25 қазан күндері Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайындағы «Қазанат» ипподромының автотұрағында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Қарағанды және Қостанай облыстарының шаруалары өнімдерін сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін ұсынады.

Спорттық жарыстар

Мерекелік бағдарламаға түрлі спорттық жарыстар да енгізілген. 15–17 қазанда «Барыс Аренада» жүзуден әлем кубогының кезеңі, 17–18 қазанда Sana Sport кешенінде волейбол турнирі өтеді.

19–20 қазанда Паралимпиадалық жаттығу орталығында тоғызқұмалақ пен шахматтан қалалық чемпионаттар ұйымдастырылады. 22 қазанда зейнеткерлер арасында шахмат турнирі және колледж студенттері арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. 23 қазанда Қаламгерлер аллеясында тоғызқұмалақ, асық ату, армрестлинг және ләңгі тебуден сайыстар ұйымдастырылады.

24 қазанда «Барыс Аренада» күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Жарыстардың бірқатарына қатысу және көрермен ретінде бару үшін алдын ала билет қажет.

Бұдан бөлек, 25 қазанда әлеуметтік осал санаттағы балаларға Қазақстанның Ұлттық музейі мен «Бәйтерек» монументіне экскурсиялар ұйымдастырылады.

Елорда тұрғындары мен қонақтары мерекелік бағдарлама аясында қаладағы мәдени, спорттық және қоғамдық іс-шараларға қатыса алады.

Бөлісу