Басты Жаңалықтар Ипотеканы қайта қаржыландыру: Кімдер жеңілдік ала алады?

Ипотеканы қайта қаржыландыру: Кімдер жеңілдік ала алады?

Ипотекасын төлеуге қиналып жүрген қазақстандықтарға қосымша көмек көрсету мерзімі 2027 жылғы 1 қыркүйекке дейін ұзартылды. Сонымен қатар бағдарламаның ауқымы кеңейтілді. Енді бұрын бағдарлама талаптарына сәйкес келмеген кейбір қарыз алушыға да жеңілдікпен қайта қаржыландыру ұсынылуы мүмкін.
Елдос Есенбол, тілші:

Қазір ипотеканы қайта қаржыландыру бағдарламасы аясында қолдауға мұқтаж шамамен 1,5 мың қазақстандық бар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми дерегі. Агенттік бұл цифрды банктердің берген ақпаратына сүйеніп шығарған. Оларға көмек көрсету мерзімі 2027 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ұзартылды. Өтініштерді 2027 жылдың 1 шілдесіне дейін беру керек.

Жалпы, бұл бағдарлама 2015 жылы басталған. Мақсаты – ақша қоры тақ-тұқ болып қалған азаматтардың жалғыз баспанасын сақтап қалуға көмектесу. Бұрын бағдарлама 2004–2020 жылдар арасында рәсімделген ипотекаларды қамтитын. Биылдан бастап 2021–2024 жылдар аралығында ипотека алған азаматтар да қатыса алады. Шарттары мынадай...

Бэлла Чиканова, ҚР ҚНРДА Әлеуметтік жобалар және қаржылық инклюзияны дамыту басқармасының басшысы:

180 күннен астам берешек болуы қажет. Қарыздың сомасы 50 миллионнан аспауы тиіс. Қарыз алушыда бір ғана жалғыз баспанасы болуы қажет. Оған және оның зайыбына. Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар кісілер, көпбалалы аналар, зейнеткерлер, мүгедектігі бар балаларды асырап отырған жанұялар, ҰОС қатысушылары, ҰОС қатысушыларына теңестірілген азаматтар кіреді.

Елдос Есенбол, тілші:

Енді сол талапқа сай азаматтар бағдарламаның шарапатын көру үшін не істеу керегіне тоқталсақ.

Бэлла Чиканова, ҚР ҚНРДА Әлеуметтік жобалар және қаржылық инклюзияны дамыту басқармасының басшысы:

Ең біріншіден, ол банкке барып жүгінуі қажет. «Осы бағдарлама бойынша менің қарызымды қайта қаржыландырыңыз», – деп. Банк егер өз тарапынан қарастырып, бас тартатын болса, ол өзінің жауабында міндетті түрде комиссия туралы ақпаратты беруі қажет. Қарыз алушының құқығы бар. Мемлекетіміздің әрбір өңірінде комиссиялар бар. Әкімдіктерде орналасқан. Сол комиссияларға барып, өздерінің құжаттарын тапсырып және сол комиссияның шешімдері бойынша қайтадан банкке жүгініп, өздерінің қарыздарын қайта қаржыландырса болады.

Елдос Есенбол, тілші:

Егер бәрі сәтті өтсе, банк негізгі қарызыңызды 3 пайызбен 20 жылға дейінгі мерзімде қайта қаржыландырады. Бастапқыда жобаға 300 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Ол қайтарымды жүйемен жұмыс істейді. Осы қаражат есебінен ипотекасы қайта қаржыландырылған азаматтар кейін қарызын ай сайын төлеп отырады. Сол төлемдерден түскен қаражатты басқа адамдардың қарызына жұмсайды. 2015 жылдан бері 60 мың қарыз алушыға 678 миллиард теңге қолдау көрсетілген. Оның 248 миллиард теңгесі пайыздар, комиссиялар, айыппұлдар мен өсімпұлдарды төлеуге жұмсалған. Банктердің меншігіне өтіп кеткен 395 тұрғын үй бұрынғы иелеріне қайтарылған.

Қазақстандықтардың ипотекаға төлейтін ақшасы бағдарламасына, несие пайызына, бастапқы жарнасына байланысты әртүрлі. Мысалы, «7-20-25», «Наурыз», «Отау» секілді жеңілдетілген және мемлекеттік бағдарламамен үй алғандар ай сайын 90 мың мен 150 мың теңге аралығында төлейді. Ал коммерциялық ипотекасы барлар 250 мыңнан бастап 450 мың теңгеге дейін аударады. Егер қандай да бір себеппен ипотека қарызын төлей алмайтын болсаңыз, «хабар-ошарсыз кетпеу керек», – дейді мамандар.

Жанар Қожабаева, қаржыгер:

Ең бастысы – мүлдем төлемей қалып, банкті хабарсыз қалдырмау. Ең бірінші кредиторға хабарласу керек. Яғни жазбаша түрде өтінім беру керек. Мүмкін, қарызды қайта құрылымдау үшін. Пайызды азайту болмаса да, графикті өзгерту, уақытша пайызды төлеп, негізгі төлемді артқа қалдыру сияқты әртүрлі өтініш беріп, сол банкке хабарласу.

Елдос Есенбол, тілші:

Ал банктерді көндіру үшін сіздің аргументіңіз де салмақты болуы керек.

Жанар Қожабаева, қаржыгер:

Банкке арыз бергенде міндетті түрде дәлелдерді салған дұрыс. Мысалы, жалақының уақытша түсіп кетуі немесе үйдің бір мүшесінің уақытша жалақысыз қалуы деген сияқты. Қандай себеппен сіз қаржылық қиындыққа түстіңіз, соны құжаттарды бірге салған жөн.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Мемлекет алдағы уақытта оны терең талдауы керек. Не үшін азамат төлем жасай алмай қалды? Яғни біз орташа табысты арттыруымыз керек шығар, мүмкін, сол азаматтарға бір кәсіптің түрлерін жалақысы жоғары, орта деген сияқты әлеуметтік бағдарламаларды жасау арқылы солардың санын азайту.

Иә, әркімнің басыбайлы баспанасы болғаны жақсы. Азаматтар соған ұмтылады да. Бірақ әуелі удай пайызбен баспананы алып, кейін төлей алмай отырғанша, «басқа да амалдарын қарау керек», – дейді экономист мамандар.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Бізде тағы да бір нарық бар – жалдамалы нарық. Азаматтарда таңдау құқығы болуы керек. Егер де ол ипотекаға қалтасы көтермейтін болса, үйді жалдама ретінде алып және сол жалдау ақысы ипотекадан қарағанда 3–4 есе төмен болуы керек. Яғни ол бастапқы уақытта ипотеканың ставкасымен жоғары болып, барлық табысының 70–80 пайызын бергеннен гөрі 1–2 жыл бойы ақшасын жинағанға ол үйді жалдап тұра алатындай балама болуы керек.

Баспаналы болу маңызды болғанымен, сол баспанаңның қарызынан толық құтылып, өз меншігіңде сақтап қалу одан да маңызды. Ал оны қарыз алушының жауапкершілігімен ғана шектеп қоюға болмайды...

Бөлісу