Басты Жаңалықтар Дипломатиялық өкілдіктерде ту төмен түсірілді

Дипломатиялық өкілдіктерде ту төмен түсірілді

Қазақстанның шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктерінде Мемлекеттік Ту төмен түсірілді. Елшіліктер мен консулдықтарда көңіл айту кітаптары ашылып, халықаралық қауымдастық өкілдері Қазақстан халқына қолдау білдіруде.

Түркия тарапы да Қазақстан халқына көңіл айтты. Елдің Сыртқы істер министрлігі Ақтаудағы қайғылы оқиғаға байланысты ресми мәлімдеме жасап, қаза болғандардың отбасылары мен жақындарына, сондай-ақ барша Қазақстан халқына көңіл білдірді. Түркиядағы қазақ қоғамдық ұйымдарының өкілдері Ыстанбұлдағы Қазақстанның Бас консулдығына барып, қаралы жағдайға байланысты қайғыға ортақтасты.

Ілияс Сақа, Ыстанбұлдағы қазақ-түрік қоғамдық қорының басшысы:

Қайғылы жағдайда қаза тапқан сарбаздарымыздың отбасыларына көңіл айтамын. Жандары жәннатта болсын. Бастары аман болсын. Түркиядағы қазақтардың атынан көңіл айтуға арнайы келіп отырмын. Бұдан кейін елде қайғылы жағдай болмасын. Қазақтың туы ешқашан жығылмасын.

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы Қазақстандағы қайғылы оқиғаға байланысты бүгінгі жұмыс күнін бір минут үнсіздікпен бастады. Штаб пәтері Түркияның Анкара қаласында орналасқан ұйымның барлық қызметкерлері ғимарат алдына жиналып, қапыда қаза тапқан сарбаздар үшін бір минут үнсіздік жариялады. Сондай-ақ, еліміздегі қаралы күнге байланысты ғимарат алдына тігілген түркі мемлекеттерінің тулары түгелдей төмен түсірілді. ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев қайғылы оқиғаға байланысты сарбаздардың отбасылары мен Қазақстан халқына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Ресейде де Қазақстан халқына қолдау көрсетілді. Жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің ғимаратында Мемлекеттік Ту төмен түсірілді. Дипломатиялық өкілдікте көңіл айту кітабы ашылды. Қазақстандағы қайғылы оқиға халықаралық ұйымдар мен шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің де назарында. Еуразиялық экономикалық комиссия ғимаратында да Қазақстан халқына құрмет пен қайғыға ортақтастықтың белгісі ретінде мемлекеттік тулар төмен түсірілді. Халықаралық ұйым өкілдері қаза болған әскери қызметшілердің жақындарына және барша Қазақстан халқына көңіл айтты.

Қытайда да Қазақстан халқына қолдау білдірілді. Қазақстанның Қытайдағы елшілігі мен консулдықтарының ғимараттарында Мемлекеттік Ту төмен түсірілді. Жалпыұлттық аза тұту күніне орай дипломатиялық өкілдіктерде көңіл айту кітаптары ашылды. Сонымен қатар азаматтар мен шетелдік дипломаттардың көңіл айту хаттарын электронды түрде жолдауына мүмкіндік жасалды.

Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінде де Мемлекеттік Ту төмен түсіріліп, көңіл айту кітабы ашылды. Елшілік ұжымы мен Бельгияда тұратын қандастарымыз қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтып, Қазақстан халқымен бірге екенін білдірді. Көңіл айту кітабына еуропалық дипломаттар, әскерилер мен саясаткерлер жазба қалдырып, қайғыға ортақтасты. Брюссельдегі елшілік ғимаратындағы көк Тудың төмен түсірілгенін көрген жергілікті тұрғындар да көңіл айтуға келген.

Айдит Эркин, Қырғызстанның Бельгиядағы елшісі:

Бауырлас қазақ халқының қасіреті – біздің ортақ қасіретіміз. Осындай қайғылы сәтте Қазақстан халқына, қазақ Үкіметіне, Елшілігіне, бауырларымызға күш-қайрат пен сабыр тілейміз. Қаза болғандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамыз. Мұндай қайғылы жағдай енді қайталанбасын деп тілейміз.

Ұлыбританияда да Қазақстанның Мемлекеттік Туы төмен түсірілді. Лондондағы елшілік ғимаратында көңіл айту кітабы қойылды. Қайғыға ортақтасып, жылы лебіздерін электронды түрде жолдағысы келгендер үшін де мүмкіндік жасалды. Жергілікті дипломаттар, бизнес өкілдері мен қазақ диаспорасы Қазақстан халқына көңіл айтып, қолдау білдірді.


Бөлісу