Басты Жаңалықтар Қайтарылған активтер есебінен 21 нысан бой көтерді

Қайтарылған активтер есебінен 21 нысан бой көтерді

Жетісу облысы нағыз құрылыс алаңына айналды. Өңірде соңғы 3 жылда қайтарылған активтер есебінен 21 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысан бой көтерді. Тағы 8 кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Әсіресе ауылдық аймақтарға ден қойылған. Оған арнайы қордан 42 млрд теңге бөлінді.

15 мыңға жуық тұрғыны бар Сарыөзек ауылының су жүйесі әбден тозған. Жылдар бойы шешілмеген мәселе тұрғындарды біраз әбігерге салды. Құбырларда су қысымы артса, желі жарылып, халық тіршілік нәрінсіз қалатын. Жұрт шелектеп су тасып, амалдауға мәжбүр болды.

Жұмабике Мұстафаева, тұрғын:

Күніне 40 литр су алып қоямыз жоқ кезде. Су ағып тұрған кезде бөтелкелерге су алып қоямыз. Ол бір күнде бітіп қалатын болса, водовоздар келеді, водовоздан алып алатынбыз. Енді суымыз жақсы ағып тұр.

Мәселені шешу үшін ауылда 110 шақырым жаңа су құбыры тартылды. Бұдан бөлек, жалпы сыйымдылығы 700 текше метр болатын үш су қоймасы, қос-қостан су ұңғымалары мен су сорғы станциялары салынып жатыр. Жобаға қайтарылған активтер есебінен 4,5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Вильгельм Таберт, Құрылыс жұмыстарының жетекшісі:

Абоненттер қосылды. 99 пайыз біттік. 700 кубтық резервуар, екі резервуар Сарыөзекке 5000-дық резервуарға айдайды. Ол жерден келесі жазда үздіксіз суды береміз.

Арнайы қор есебінен әлеуметтік нысандар да жаңартылып жатыр. Соның бірі – 1980 жылдары салынған облыстық балалар ауруханасы. Оған 5,5 млрд теңге бөлініп, қазір құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Соңғы үш жылда өңірдегі 24 әлеуметтік нысанның құрылысына 29,5 млрд теңге бөлініп, оның 19-ы пайдалануға берілді. Олардың қатарында медициналық пункттер мен мектептер де бар.

Санжар Қабдыбекұлы, Жетісу облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

Қалғаны бізде мынау Жаркент қаласындағы аурухананың сейсмикалық күшейту және жаңа блогын салу. 27 жылдың ақпан айында қолданысқа беру. Үштөбе қаласындағы 600 орындық мектептің құрылысына қаражат бөлінді. Нысанды аяқтау 2027 жылы жоспарланған.

Облыстық прокуратура құрылыс жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қадағалап, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылауда ұстайды.

Бөлісу