Басты Жаңалықтар Татарстанда қазақ мәдениеті насихатталды

Татарстанда қазақ мәдениеті насихатталды

Татарстанда қазақ мәдениеті мен әдебиеті кеңінен насихатталды. Қазан қаласындағы Абай орталығында қазақ халқының рухани мұрасын дәріптейтін мәдени шара өтті. Оның аясында Абай оқулары ұйымдастырылып, ұлы ақынның шығармалары көпшілікке таныстырылды.

Шара барысында қатысушылар Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін оқып, ақынның шығармашылығы мен қазақ әдебиетінің маңызы туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, қазақ халқының ұлттық дәстүрі, тілі, әдебиеті мен мәдениеті таныстырылды.

Гүлфия Гайнуллина, Қазан федералды университетінің доценті:

Біз осыдан бірнеше жыл бұрын Мұхтар Әуезовтың шығармаларын татар тіліне аудардық. Жалпы Татарстанда қазақтың ақын-жазушыларына деген қызығушылық жоғары. Сондықтан игі шаралар жалғаса береді.

Абай орталығы – Татарстандағы қазақ мәдениетін насихаттайтын маңызды рухани алаңдардың бірі. Мұнда қазақ әдебиеті мен тарихына арналған кездесулер, шығармашылық кештер және ағартушылық іс-шаралар өткізіліп келеді. Қазақ пен татар халқының тарихи әрі мәдени байланысы терең. Екі халықты ортақ түркі мұрасы, тілдік және рухани жақындық біріктіреді. Осындай мәдени шаралар халықтар арасындағы достықты нығайтады.

Альфия Гаврилова, өнерпаз:

Бізге ортақ мәдениет пен өнерді, ұлттық аспаптарымызды өскелең ұрпақ білуі керек. Сондықтан түркі халықтарына ортақ музыкалық аспаптарды жинап, көрме ұйымдастырмақпыз. Қазақ халқының көнеден келе жатқан музыкалық аспаптары көп.

Татарстанда қазақ мәдени орталығы да жұмыс істейді. Онда қандастарымыз ұлттық дәстүрімізді, мәдениетімізді насихаттап, ана тілін оқытады. Шетте жүрсек те, тарихи Отанымызбен байланысымызды үзбейміз, дейді олар.


Бөлісу