«Қайнар – АКБ» аккумулятор зауытына 50 жыл
Елімізде көлікке арналған аккумулятор өндірісі дамып келеді. Былтырдың өзінде 3 млн-ға жуық автоаккумулятор әзірленген. Тауар ел нарығынан бөлек ТМД елдеріне де жөнелтіледі. Көліктерді қуатпен қамтамасыз етіп отырған негізгі өндіруші – «Қайнар – АКБ» компаниясы. Мекеме автокөліктерден бөлек, тепловоздар мен мұнай-газ саласына қажетті бөлшектерді де шығарады. Биыл өндіріс ошағы жарты ғасырлық мерейтойын атап өтіп жатыр.
Іргетасы 1970 жылдары Талдықорғанда қаланған кәсіпорын бүгінде көлік өндірісіне қажетті бөлшектер шығаратын ірі өндіріс орнына айналды. Қазір мұнда халықаралық талаптарға сай 4 түрлі аккумулятор шығарылады. Бұл істі 1 200-ге жуық маман игеріп отыр. Мерейтойға орай өндірістің дамуына үлес қосқан ардагерлер мен жас мамандар марапатталды.
Арнай Садықов, зауыт қызметкері:
Біз бір ауысымда 1850 аккумулятор бердік. Оның басты себебі – ауызбірліктің арқасы. Жұмыс 90 пайыз автоматты түрде қазір.
Майра Жайбосынова, зауыт қызметкері:
Жолдасым да, ұлым да, қызым да жұмыс жасады. Бұл біздің отбасылық кәсібіміз енді. Цехтардың ішінде көптеген өзгерістер болды. Заманауи құрылғылардың барлығы жаңадан жасалынған.
Кәсіпорын толық автоматтандырылып, өндірістің барлық технологиялық циклі жолға қойылған. Соның арқасында жылына 3 млн 700 мыңға жуық аккумулятор өндіруге мүмкіндік бар. Ал дайын өнімнің 60 пайызға жуығы алыс-жақын шетелге экспортталады. Кәсіпорын әлемдік ірі көлік брендтерімен де қоян-қолтық жұмыс істеп жатыр.
Талғат Құнақбаев, «Қайнар – АКБ» зауыты директорының орынбасары:
FP дейді, стоп-старт режимдегі аккумуляторларды шығарып бастадық. Ең соңғы проектіміз – AGM технологиясы. Бұл қазіргі автомобиль саласындағы AGM технологиясына көшіп жатырмыз.
Биыл елімізде 100 мыңға жуық автокөлік құрастырылды. Жыл соңына дейін тағы 200 мыңға жуық темір тұлпар шығарылады деп жоспарланған. Мамандардың айтуынша, отандық жабдықтардың көбеюі импортқа тәуелділікті азайтып, өндірістегі жергілікті қамту үлесін арттырады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы