Балық өсірушілерге субсидия беріле бастады
Жамбыл облысында, кәсібін түбегейлі тоқтатпақ болған балық өсірушілерге субсидия екі жылдан кейін қайта беріле бастады. Балықшылар базынасын айтып шағымданған соң тең жартысына көмек қаржы тек биыл ғана төленген. Оның өзінде тексерістен кейін. Субсидияның кешігуіне не себеп? Шаруалардың бүгінгі күйі қандай? Данияр Әлімқұл тараптарды тыңдады.
Өңірде өзен жағалағанның өзегі талып тұр. Өйткені шаруалардың балық өсіруге деген талпынысы зор болғанымен табысы мол болмай жүр. Себебі субсидия қаржысына қарық болып жатқан жоқ. Көмекқаржы 2 жыл кешіккендіктен балығы тайдай тулаған тоғандардан бүгінде шабақ шалынбай, суы да саяз тартқан.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Бұл өңірдегі балық өсіретін ең ірі шаруашылық. 7 гектар аумақта дәл осындай 57 бассейн бар. Әр қайсысына 12 мың шабақ жіберілген. Ал мұндағы майшабақтар тауарлы балық ретінде ет алуы үшін ең кемі алты айдан аса уақыт кетеді.
Сондықтан Нұрхан Қойлыбаев төрт түлігі үшін емес, форельдің 4 түрі үшін жылына 300 тонна жем алуға мәжбүр. Сазаны мен тұқысы тағы бар. Бас-аяғы 600 мың дана шабағын 350 млн теңгеге жемдейді. Кәсібін 2 жыл бұрын субсидияға сеніп бастаған. Бірақ бастапқыда беріледі деген көмек қаржы кешіккендіктен тағы 2 кәсіпкермен бірігуге тура келді дейді.
Кішкентай шаруашылықтар бәрі енді жабыламыз деп жатыр ғой. Мына жерді көркейту үшін қазір Үкіметтен 100 млн теңге беретін болса, бізге жемге де, барлық жағына қарай кішкене жеңілдіктер болады. 600 мың дана балық болса, оның 20-30% жоғалту болады. Өйткені ауыратыны бар, өлетіні бар, құс жейтіні бар. Мына жерде 300 тонна биылға алам. Сондықтан мемлекеттен қолдау аса қажет бұған. Жем деген өте қымбат 1 келісі 1350 теңге, бір күнде 1 тонна бересің, қаншама қаражат.
Ал субсидия негізінде жемге жұмсалған қаржының 30%-ын мемлекет төлеп береді. Алайда аймақта 18 шаруашылық 2 жылдан бері қаржыдан қағылып келген. Уәделі субсидияны ала алмай уәжін айтқандардың мәселесі прокуратурға жетіп, күні кеше 119 млн теңге төленді.
Бастапқыда бюджеттен төлететін қаржының жоқтығына байланысты болған. Кейін ол салалық басқарманың құжаттарды рәсімдеу барысында жіберілген кемшіліктеріне сәйкес орын алды. Қазіргі уақытта 18 аквакультура субьектілеріне өтінімдер қабылданып олардың 9-на субсидия төленді. Қазіргі уақытта басқарма тарапынан қалған аквакультура субьектілеріне субсидия төлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жалпы Жамбылда 50 шаруашылық балық өсіреді. Биыл олар 2,5 мың тоннадан астам өнім алмақ. Ал балықты бизнеске айналдырғысы келетіндерге мамандар бағыт-бағдар беруге әзір.
Нұржамал Көлбаева, Шу – Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы:
Балық өсірумен айналысқысы келетін және осындай жергілікті маңызы бар су айдындарының резервтік су айдындары бар бос тұрған. Сол бос тұрған су айдындарын пайдаланғысы келетін әрбір азамат бізге инспекцияға келіп тізімін білуге болады. Және конкурстың өтетін мерзімін білуге болады.
Аймақта аквамәдениетті дамыту бағдарламасы 5 жыл бұрын бекітілді. Соған сәйкес өңірде 2030 жылы тауарлы балық өнімі 8 мың тоннаға жетпек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы