Шымкентте «Заң мен тәртіп» сервисі жаңартылды
Шымкентте биыл смартфондағы «Заң мен тәртіп» сервисі арқылы полицияға 2800-ден астам хабарлама түскен. Оның басым бөлігі жол қозғалысына қатысты. Жаңарған жүйеде құқық қорғау саласына қатысты бірнеше қызмет бір бөлімге жинақталды. Оның мүмкіндігі жайлы аймақтағы әріптесім айтады.
«Заң мен тәртіп» сервисі eGov Mobile мен екінші деңгейлі банк қосымшаларында қолжетімді. Тұрғындар осы бөлім арқылы полицияға болған оқиға туралы ақпарат жолдай алады. Хабарлама 102 жүйесіне тіркеліп, Жедел басқару орталығына түседі. Операторлар ақпаратты саралап, оқиға орнына жақын экипажды бағыттайды.
Асқар Әліпбаев, қалалық ПД жедел басқару орталығының бастығы:
Жол ережесін бұзып, әр жерге көлігін тастап кетеді. Жолды жауып кетеді. Суреттерімен бірге жібереді. Ол жерге дер кезінде ПП-нің қызметкері барып, заңды шара қолданып, әкімшілік хаттама толтырып береді.
Жолдағы жағдайдан бөлек, сервис арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылық, балаға қатысты оқиға немесе полиция қызметіне байланысты шағым туралы да хабарлауға болады. Оқиғаның жай-жапсарын нақтылау үшін хабарламаға фото, бейне не аудио қоса тіркеледі.
Жаңартылған нұсқада полицияға хабарлама жолдаумен қатар, құқық қорғау саласына қатысты бірнеше цифрлық қызмет те бір бөлімге жинақталған. Тұрғын өзіне қажет қызметті таңдап, өтінішінің мәртебесін бақылай алады. Ал шұғыл жағдай немесе ауыр қылмыс болса, тәртіп сақшылары 102 нөміріне бірден хабарласуға кеңес береді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы