Басты Жаңалықтар Алматы облысында көшпенділер ойындарының жеңімпаздарын марапаттады

Алматы облысында көшпенділер ойындарының жеңімпаздарын марапаттады

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғап, көк байрақты желбіреткен Алматы облысының спортшылары марапатталды. Жүлделі орындарға ие болған спортшыларға Президентің «Алғыс хаты» табысталды. Өзге жеңімпаздар мен бапкерлер де облыс әкімінің «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хатымен» марапатталды. 

Қазақтың ұлттық спорты төрге озған халықаралық додада Алматы облысының саңлақтары ел намысын абыроймен қорғады. Аламан бәйге, көкпар және көкбөріден жүлде алған спортшылар жеңіс тұғырынан көрініп, ел мерейін асқақтатты.

Данил Устинов, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы:

Ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көріну – кез келген спортшы үшін үлкен мәртебе. Бұл жеңіс – жылдар бойғы еңбектің, төгілген тер мен табандылықтың жемісі. Президент атынан Алғыс хат алу сол еңбектің бағаланғанын көрсетіп, алдағы белестерге жігер береді.

Самат Жаманқара, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы:

Ризашылығымызды айтамыз. Енді бұйырса бұдан да жақсы нәтиже көрсетіп, өз облысымызды қуантып, қазақ елін қуантамыз деген ойымыз бар.

Жеңіс – спортшының ғана емес, оны талай жыл дайындаған бапкердің де еңбегінің нәтижесі. Марапаттау рәсімінде облыс әкімі Шыңғыс Әрінов жеңімпаздарды құттықтап, жаттықтырушылардың еңбегін ерекше атап өтті. Өңірде ұлттық спортты дамыту, жас таланттарды іріктеу және мықты спорт резервін қалыптастыру жұмыстары жалғаса бермек.

Шыңғыс Әрінов, Алматы облысының әкімі:

Алдағы уақытта ұлттық спортты кеңінен дәріптеуге, оны бұқаралық сипатқа жеткізуге, жас таланттарды іріктеп, мықты спорт резервін қалыптастыруға және ел абыройын асқақтататын саңлақтарға жан-жақты қолдау көрсетуге басымдық беретін боламыз.

Көшпенділер ойындарынан кейін Алматы облысының спортшылары енді Азия аренасына аттанады. Санаулы күндерден соң басталатын ХХ Азия ойындарында Қазақстан құрамасы сапында өңірдің 24 өкілі спорттың 13 түрінен бақ сынайды.


Бөлісу