Басты Жаңалықтар Қазақ ғалымдар Менделеев кестесінің элементін шығармақ

Қазақ ғалымдар Менделеев кестесінің элементін шығармақ

Ресейдің Дубна қаласында жүзден астам қазақстандық ғалым жұмыс істейді. Біріккен ядролық зерттеулер институтында бүгінде 16 елдің ғалымы түрлі деңгейдегі зерттеулер жүргізіп жатыр. Қазақстаннан барған ғалымдар да ғарышты игеру, медицина саласы бойынша ірі, ілкімді жобалардың басы-қасында. 

Біріккен ядролық зерттеулер институтында қазақстандық мамандар Менделеевтің периодтық жүйесіндегі аса ауыр элементтерді зерттеу жұмыстарына қатысуда. Бұл бағыттағы тәжірибелердің мақсаты – табиғатта өте сирек кездесетін жаңа элементтердің қасиеттерін анықтау. Аса ауыр элементтерді алу үшін қуатты үдеткіштер мен күрделі ғылыми қондырғылар пайдаланылады. Мамандар ядро құрылысын зерттеп, оны ғарышта пайдалануға дайындамақ.

Қанат Нұрланұлы, ғалым:

Ядро құрылысын зерттеуден бөлек, ғарыштық сәулелер жерге түседі. Осы ғарыштық сәулелерді зерттеу барысында тағы элементар бөлшектер ашылды. Енді осы жиналған элементар бөлшектерді түсіндіру үшін ортақ бір модель, ортақ бір тұжырым қажет.

Дубнадағы зерттеулер тек ядролық физикамен шектелмейді. Ғалымдар медицинаға арналған жаңа технологияларды дамыту бағытында да жұмыс жүргізуде. Соның ішінде қатерлі ісік ауруларын емдеуге арналған заманауи әдістердің бірі – радионуклидтік медицина және ісік жасушаларына бағытталған терапия бағыттары зерттелуде. Сонымен қатар, ғарыштық, медициналық аппараттардың төзімділігін 10-15 пайызға арттыру үшін зерттеу жүргізілуде.

Байдияс Керей, ғалым:

Бізде қателікті төмендету мүмкіндігі жоғары болғандықтан, соны мен зерттеп жатырмын. Содан алатын нәтижелер дүниежүзілік физикада орнын табады деген үміттемін.

Халықаралық ғылыми орталықта еңбек етіп жүрген қазақстандық мамандар отандық ғылымның әлеуетін әлемдік деңгейде танытып келеді. Олардың зерттеулері болашақта жаңа технологиялардың дамуына жол ашуы мүмкін.


Бөлісу