Басты Жаңалықтар Алматыдағы 820 пәтер иелері кооперативінің 118-і ғана тіркеуден өткен

Алматыдағы 820 пәтер иелері кооперативінің 118-і ғана тіркеуден өткен

Алматыдағы 820 пәтер иелері кооперативінің тек 118-і ғана заң талаптарына сәйкес қайта тіркеуден өткен. 22-сі таратылған. Қалған кооперативтердің жұмысы қалай жалғасады? Ал тұрғындар үйді басқарушы ұйымның қызметіне көңілі толмаса, не істей алады? Қуан Нұрақын анықтап көрді.

Ботагөз Қонысбекова бұл тұрғын үй кешеніне жылдың басында көшіп келген. Алайда жаңа қонысқа орналасқан күннен оны пәтер иелері кооперативінің жұмысы алаңдатқан. Айтуынша, ортақ аумақтың күтімі нашар, ал атқарылған жұмыстар мен жұмсалған қаражат туралы есеп уақытында берілмейді.

Ботагөз Қонысбекова, Алматы тұрғыны:

Подъездеріміз жуылмайтын. Жаз айларында жуылған жоқ. Үш ай бойына. Бірақ бізге қарызсыздар деп квитанцияға келіп тұрды. Біз ауыстырғымыз келген. Болмайды деді. Себебі қарызды толығымен өтемейінше, басқа КСК ала алмайды деді.

Ал мұндай шағымдар Алматыда бір ғана үйге қатысты емес. Қалада қазір 10 мыңға жуық көпқабатты тұрғын үй бар. Олардың басым бөлігі мүлік иелерінің бірлестігі арқылы басқарылады. Ал заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, 820 кооператив қызметін жаңа талаптарға сай қайта рәсімдеуі керек болған. Ол үшін белгіленген мерзім биыл 16 шілдеде аяқталды. Алайда қайта тіркеуден 118-і ғана өткен.

Жандос Қайырханов, қалалық Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

Ликвидацияға өткізу керек. Бұл ликвидация бір күндік жұмыс емес. Өздерінің арнайы комиссиясын құрады. Сондықтан өзінің заңды жолы бар ликвидацияға берудің. Өтпеген КСК-лар болмаса жаңадан басқа форма құрады. Субьект дейміз ғой. Жаңадан КСК құруға болады. Сондықтан бұл жұмыстар ары қарай жалғасады.

Тұрғындарды алаңдататын тағы бір мәселе – жиналатын қаражаттың жұмсалу тәртібі. Жыл басынан бері қалада көпқабатты үйлерді басқаратын субъектілерге қатысты 295 тексеру жүргізіліп, 11 миллион теңгеден аса әкімшілік айыппұл салынған. Заң бойынша басқарушы ұйым тұрғындарға атқарылған жұмыс пен қаржының кіріс-шығысы туралы есеп беруге міндетті. Алайда сарапшылар жауапкершілік тетігі әлі де күшейтуді қажет етеді дейді.

Диляра Сейітнұрова, тұрғын үй сарапшысы:

Заң бойынша, ОСИ мен КСК-ның ешқандай сұрауы жоқ деп айтуға болады негізінде. Өйткені қазір бір ОСИ немесе КСК жұмыс істеп, уақытында есеп тапсырмаса да, олар сол компанияны жауып, басқа компания ашады да, азғантай ғана штраф төлеп, әрі қарай жұмысын жалғастыра беруге құқы бар. Сондықтан, менің ойымша, біріншіден, заңды қатаңдату керек.

Мамандар тұрғындарға алдымен үйді басқару органынан атқарылған жұмыстар мен қаржының кіріс-шығысы туралы есепті талап етуге кеңес береді. Егер мәселе шешілмесе, нақты фактілер мен дәлелдерді жинап, тұрғын үй инспекциясына жүгінуге болады. Өйткені көпқабатты үйді күтіп ұстауға жиналған қаражат – тұрғындардың ортақ ақшасы. Сондықтан оның қайда жұмсалғаны ашық әрі түсінікті болуы тиіс.


Бөлісу