Басты Жаңалықтар Ел жаңалықтарына шолу

Ел жаңалықтарына шолу

Қазақ ұлттық спорт университеті жаңа белесті бағындырды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Қазақ ұлттық спорт университеті Халықаралық Олимпиада комитетінің орталығы тарапынан зерттеу орталықтарының жаһандық желісіне қосылды. Осылайша, Қазақстан алғаш рет Халықаралық Олимпиада комитеті мойындаған академиялық олимпиадалық зерттеу орталықтарының халықаралық жүйесіне еніп, үздіктердің қатарындағы Орталық Азиядағы алғашқы ел атанды. Бүгінде Олимпиада қозғалысының тарихы мен құндылықтарын, оның білімге, мәдениетке және қоғамға ықпалын әлемнің түкпір-түкпіріндегі университеттер зерттеп келеді. Енді бұл академиялық картада Қазақстан да бар.

Көпсатылы командалық-штабтық оқу-жаттығу басталды

Еліміздің батысында көпсатылы командалық-штабтық оқу-жаттығу басталды. Марш барысында жеке құрамның іс-қимыл үйлесімділігіне, әскери техниканың дайындығына, қауіпсіздік шараларының сақталуына және жағдайдың өзгеруіне қарай командирлердің жедел әрекет ете білу қабілетіне ерекше назар аударылды. Бұл оқу-жаттығу әскери қызметшілердің кәсіби даярлық деңгейін арттыруға және әртүрлі жағдайларда бөлімшелердің үйлесімді іс-әрекетін нығайтуға бағытталған.

Жылу ақысы қайта есептелді

2025-2026 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы бойынша Қазақстанда жылу есептегіші жоқ тұтынушылардың төлемі қайта есептелді. Жалпы сома – ҚҚС-ты қоса алғанда 1 миллиард 217 миллион теңге. Қайта есептеу сыртқы ауаның нақты температурасы ескеріліп жүргізілген. Ең көп сома Астанада, одан кейін Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облысы. Бұл сома тұтынушының жеке шотында аванс немесе сальдо ретінде көрсетіледі.

Астана GFCI рейтингінде 8 сатыға көтерілді

Астана GFCI қаржы орталығы жаһандық рейтингінде 8 сатыға көтеріліп, өңірдегі көшбасшылығын сақтап қалды. Астананың рейтингтік көрсеткіші 18 ұпайға – 684-тен 702 ұпайға дейін өсті. Өңірлік рейтингте Астанадан кейін әлемдік рейтингте 72-орын алған Кипр және 78-орынға жайғасқан Варшава орналасты. Астана мен ең жақын өңірлік бәсекелес арасындағы алшақтық 15 сатыға жетіп отыр. Мұндай нәтижеге халықаралық қаржы қауымдастығының артып келе жатқан сенімі сеп болған. 


Бөлісу