Басты Жаңалықтар Автонесиеге сұраныс төмендеді

Автонесиеге сұраныс төмендеді

Қазақстанда автонесие нарығының қарқыны төмендеді. Биылдың алғашқы алты айында автонесие алуға берілген өтініштер саны 9 пайызға азайған. Ал мақұлданған өтініштер саны 13 пайызға төмендеп, 449 мың 700-ге жуықтаған. Нақты берілген автонесиенің көлемі де айтарлықтай қысқарды. Бірінші жартыжылдықта көлік сатып алуға 886 миллиард 600 миллион теңге несие берілген. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 24 пайызға аз. Нарықтағы тағы бір өзгеріс – несие пайызының өсуі. Бір жыл ішінде автонесиенің орташа мөлшерлемесі 18,8 пайыздан 24,4 пайызға дейін қымбаттаған. Соның салдарынан көлік алушылардың ай сайынғы төлемі де көбейді. Автонесиенің жаңа бөлшек қарыздардағы үлесі де төмендеді. Былтыр бұл көрсеткіш 13,2 пайыз болса, биыл бірінші жартыжылдықта 9,9 пайызға түсіп отыр. Сарапшылар нарықтағы бәсеңдеуді бірнеше себеппен байланыстырады. Олардың қатарында халықтың автокөлікке деген сұранысының біртіндеп қанығуы, несие шарттарының қатаюы және банктердің қарыз беруге сақтықпен қарауы бар. Бұған қоса автодилерлердің жеңілдіктері мен арнайы несие бағдарламалары да азайған.

Бөлісу