Жаңа оқу жылында 57 мектеп ашылды
Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Жаңа оқу жылында еліміз бойынша 57 мектеп қолданысқа берілді. 60 мың оқушыға арналған тағы 100 мектеп салу жоспарланып отыр. Ал «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша салынған білім ордаларының саны соңғы үш жыл ішінде 220-дан асты.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Жаңа оқу жылының басында тек Ақтөбе облысының өзінде жеті бірдей мектеп ашылды. Оның төртеуі «Келешек мектептері» жобасымен салынған. Соның бірі қазір біз тұрған білім ордасы. Мұнда 1 600 бала білім алып жатыр.
Білім ордасы «Алтын орда» ауданынан бой көтерді. Жалпы ауданы 13 мың шаршы метрден асады. Мұнда оқушылардың сапалы білім алуына, зерттеу жұмыстарымен айналысуына мүмкіндік бар. STEM және робототехника, информатика, химия, биология, физика, география және тілдер мен математика кабинеттері заманауи құрылғылармен жабдықталған.
Әділ Суқашев, оқушы:
Біздің мектебімізде білім алуға барлық жағдай жасалған. Интерактивтік тақта, зщаманауи зертханалар мен жаңа технологиялармен де танысып үлгеріп жатырмыз.
Ал Түркістан облысында жаңа оқу жылында 9 мектеп пен қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Қазіргі заман талаптарына сай салынған нысандарда оқушыға қажеттінің барлығы бар. Өңірдегі мыңнан аса білім ошағында 550 мың бала білім алуда. Бұған дейін өңірде 29 «Келешек мектебі» пайдалануға берілді.
Хақназар Мухиддинқожа, оқушы:
Бұған дейн оқыған мектебіміз 1 этажды болған. Бүгін жаңа мектебімізге жайғастық. Маған қатты ұнады. Іші, сырты, сынып бәрі.
Шығыс қазақстан облысында үш мектеп пайдалануға берілді. Оның екеуі Самар, Марқакөл аудандарында болса, біреуі Риддер қаласында. Қазақ тілінде білім беретін 600 орындық білім ордасы облыс әкімдігінің өңірдегі ірі тау-кен компаниясымен жасасқан меморандумы негізінде салынды. Кеншілер шаһарында соңғы үш жылда мемлекеттік тілде білім алатын оқушылар нөмірі 11-інші орыс гиманазиясымен бір ғимаратта оқып келген еді.
Гүлсім Исабекова, Риддер қаласының тұрғыны:
30 жыл күттік осы мектепті.Қашан ашылады деп.Жеке мынадай керемет мектеп ашылды,Күткенімізге сай.Немере-шөберелерім бәрі осы жерде оқиды.
Биыл еліміз бойынша 62 000 оқушыға арналған 57 білім ошағы қолданысқа берілді. Жаңа мектептердің көбі Алматы қаласы мен Түркістан, Ақтөбе, Батыс қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстарынан бой көтерді.
Осылайша соңғы бес жылда елімізде салынған мектептердің саны 1120-ға жетті. Бұл білім ордаларында миллионнан аса бала білім алып жатыр.
Жалпы, еліміз бойынша 2021-інші жылдан бері 5026 мектеп жөнделіп, 4,5 мыңға жуығы заманауи пән кабинеттерімен жабдықталды. Алдағы үш жылда тағы 1300 мектепті реновациялау жоспарланып отыр. Оның 820-сы ауыл мектебі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы