Жас ғалымдардың жаңашыл жобалары
Ғылымға бет бұрған жастардың қатары артып келеді. Соңғы бес жылда ғылымды қаржыландыру көлемі де 2,5 есеге өскен. Бүгінде елімізде 28 мыңнан астам ғалым болса, соның тең жартысы – жастар. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жас зерттеушілердің тың жобалары да көбейіп келеді. Бірі мал шаруашылығына генетикалық технология енгізіп, өнімділікті арттыруды көздесе, енді бірі жусан тозаңынан болатын аллергияға қарсы вакцина әзірлеп жатыр. Ғылымдағы осындай жаңа серпіннің нәтижесі қандай?
Төрт түліктің бірі сиырдың қанша сүт беретіні оның генетикалық ерекшелігіне тікелей байланысты. Еліміздегі жас ғалымдар ірі қара малдың ДНҚ-сын талдап, сүтті әрі ауруға төзімді сиырларды анықтаудың жолын іздеп жатыр. Нақтырақ айтсақ, желінсау ауруына төтеп беретін төлдерді іріктемек.
Жадыра Өмірбекқызы, «Жас ғалым» жобасының иегері:
Жас ғалымдарға қолдау өте жақсы жүріп жатыр. Бұл Қазақстанның болашағына, мемлекеттің болашағына үлкен үлес қосады. Себебі бізде асыл тұқымды мал іріктелуі, сүт өнімділігінің жоғарлауы, ет өнімділігінің жоғарлауы артады бұл жұмыс барысында.
Жас ғалымдардың тағы бір жаңа жобасы – маусымдық аллергияға қарсы вакцина. Жусан тозаңына қарсы екпе 4 дозадан тұрады. Әлемде баламасы жоқ екпенің ерекшелігі – вакцинаның қажетті бөлігін табиғи шикізаттан тікелей алмай, зертханада генетикалық технология арқылы арнайы жолмен даярлау.
Тұрлан Болатбеков, жас ғалым:
Біз жусан тозаңына қарсы екпені бекер таңдаған жоқпыз. Өйткені бұл өсімдік әлемде аллергия тудыратын ең қауіпті он өсімдіктің қатарына кіреді. Қазір жаздың басынан бері вакцинаның екінші кезеңдегі клиникалық сынағы жүріп жатыр. Бүгінде 138 адамға егілді, әзірге ешқандай кері реакция тіркелген жоқ. Алда үшінші кезең күтіп тұр.
Иә, дәл осы клиникалық сынақтың үш кезеңі сәтті өтсе, бұл вакцина алдағы 4-5 жылда көптің пайдалануына рұқсат берілуі мүмкін. Айта кетейік, қазіргі уақытта жас ғалымдар мұндай 760 ғылыми жобаны тәптіштеп зерттеп жатыр. Басты мақсат – ғылыми жаңалықты зертханада қалдырмай, оны өндіріске енгізіп, экономикаға да пайда әкелу.
Дос Тұрғанбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылыми жобалар және бағдарламалар басқармасының бас сарапшысы:
2020-дан бері келе жатқан нарыққа еніп келе жатқан жобалар бар. Мысалы, мына Аризона университеті ашылды ғой бізде. Солар біздің жас ғалымдармен бірігіп, Солтүстік Қазақстанда сирек металдарды игеру сатысын бастаған болатын. Қазір полимерлерді зерттеп, Ұлттық компаниямен бірігіп, қазір экспортқа шығарып жатыр. Одан бөлек, Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде селен металдарын шығару бойынша зерттеу жүргізуді. Қазір сол селен сирек металдарын экспортқа шығарып жатыр.
Ғалымдардың еш алаңсыз зерттеу жүргізе алуы үшін де олардың әлеуметтік мәселелері басты назарда, дейді жауапты министрлік.
Бүгінде оларға 760 пәтер кілті табысталған. Ал алдағы екі жылға жас зерттеушілердің 200-ден астам жобасын қаржыландыруға 12 миллиард теңге бөлінбек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы