Басты Жаңалықтар Жамбыл облысында 2 мың жазасын өтеуші жұмыс істейді

Жамбыл облысында 2 мың жазасын өтеуші жұмыс істейді

Жамбыл облысында қылмыс жасап сотты болғандардың 85%-ы жұмыспен қамтылған. Яғни 2 мың адам темір торға қамалса да, екі қолға бір күрек тауып отыр. Олар аяқ киім тігіп, темір дәнекерлеп, жиһаз да жасайды. Түрмедегі тіршілік жайлы Тараздағы тілшіміз тарқатады.

10 жылға сотталған Арман Ризақұлов түзеу мекемесіндегі уақытын бос өткізбейді. Түрме ішінен ашылған аяқ киім цехында жұмыс істейді. 200 мың теңгеге жуық айлық алады. Жалақысының жартысын отбасына жіберіп, қалғанын мемлекеттік берешекті өтеуге жұмсайды.
Арман Ризақұлов, жазасын өтеуші:
Мұнда әскерилерге және ішкі қажеттілікке арналған аяқ киімдер тігіледі. Бұл жерде былғары кесіледі. Ал біз етік жасауға қажетті шикізатты дайындаймыз. Осылай жұмыспен қамтылу сотталғандар үшін үлкен мүмкіндік. Сот шешімімен шыққан мемлекеттік берешекті өзім өтеймін.
Ал келісімшарт негізінде түрмелермен тығыз жұмыс істеп жүрген 36 кәсіпкер бар. Олардың тоғызының қала ішінде өндіріс орны бар. Кейбірі жазасын өтеушілер үшін жатақхана мен асхана салған. Жағдай жасалғандықтан, жұмыспен қамтылғандар соңғы үш жылда 85%-ға өсіп, бүгінде 2035 адамға жетті.  
Болатбек Амантайұлы, ет өңдеу зауытының директоры:
Басында жазасын өтеушілерді күндізгі кезеңде ғана жұмыспен қамтамасыз етіп отырдық. Кейіннен басшылық тарапынан ұсыныс түсті, жазасын өтеушілерді толық көлемде осы нысанға көшіруге. Бізге пайдасы – ол кісілердің осы жұмыс уақытында осы жұмыс орнында болуы және тәртіпке бағынуы.
Мемлекеттің тендерін ұтқандар да түзеу мекемісімен келісімге келген. Соның арқасында сотталғандар соңғы бір жарым айда 1 500 дана аялдама жасап шыққан. 
Жәнібек Қосжанов, облыстық ҚАЖ департаментінің бастығы:
Сотталғандарға үлкен мүмкіндік пайда болады. Яғни, мерзімінен бұрын босап шығуға. Қылмыстық кодекстің әртүрлі баптарына сәйкес үштен бір бөлігін, үштен екі бөлігін өтегеннен кейін, үкіммен келген шығынды өтеп беріп жатса, сот оған оң жағымен қарап, өзінің шешімін қабылдайды.
«Жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту қайта қылмыс жасау көрсеткішін төмендетеді», - дейді прокурорлар. Мәселен, биыл сотталғандар арасындағы қылмыс 13%-ға, пробация есебіндегілердің қылмысы 22%-ға төмендеген.
Айта кетейік, аймақтағы 3 түзеу мекемесінде колледж бар. Сотталғандарға дәнекерлеуші, электрик секілді сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік берілген.


Бөлісу