Ақмола облысында жыл соңына дейін инклюзияны қолдау бойынша 30 кабинет ашылады
Ақмола облысында ерекше білім беру қажеттілігі бар 14,5 мыңға жуық оқушы бар. Осыған орай өңірдегі мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттері көптеп ашылды. Тек осы оқу жылының басында 10 жаңа кабинет жұмысын бастады. Жыл соңына дейін тағы 20-сын жабдықтау жоспарланған.
Торғын Қайырбекованың логопед ретінде 23 жыл жылдан бері жұмыс істеп келеді. Тәжірибелі маманның айтуынша, инклюзияны қолдау кабинеттері психолог, дефектолог және әлеуметтік педагогтың бірігіп жұмыс істеуіне қолайлы. Себебі оқу бағдарламасын алып кету үшін баланың психикалық қабілеттерін, яғни зейіні мен есте сақтауын және логикалық ойын дамыту керек дейді.
Торғын Қайырбекова, логопед:
Өкінішке қарай, соңғы кезде білім беруде ерекше қажеттілігі бар балалардың саны ұлғайып келеді. Сондықтан олардың қоғамдық ортаға бейімделіп, әлеуметтенуі үшін осы кабинеттің маңызы зор болады деп ойлаймын. Оның үстіне оқу бағдарламасын жеңіл қабылдауына да көмек болады. Себебі біз баланың зейінін, есте сақтау қабілетін және логикалық ойын дамытуға мән береміз.
Инклюзияны қолдау кабинеті үш функционалдық аймаққа бөлінген. Баланың тынышталуына, эмоционалдық тепе-теңдігін қалпына келтіруіне бағытталған аймақ, монтессори және дамыту аймағы қажетті жабдықтармен қамтылған.
Роза Бекішева, №6 мектеп-лицейі директорының орынбасары:
Біздің мектепте инклюзия кабинеті бірінші рет ашылып отыр. Бұл кабинеттің ашылуы оқушыларға мектеп ішінде үлкен жаңалық. Өйткені біздің басты мақсатымыз - әр оқушыға білім алуда тек мүмкіндіктер жасау. №6 мектеп лицейінде ерекше білім қажеттілігі бар балалардың саны 46. Үш оқушы ассистент педагогтың көмегіне жүгінеді.
Мектептерде инклюзия кабинеттерінің ашылуына әсіресе ата-аналар қуанышты. Себебі қажет мамандардың барлығы бір жерден табылып, баланың дұрыс дамуына оң ықпал етеді, деп сенеді.
Ермек Нұркеева, ата-ана:
Бұрын мектепке дейін әртүрлі логопедке жүгініп, әртүрлі әлеуметтік жағдайын жақсарту, тілін дамыту орталықтарына барып едік, нәтиже шыға қоймады. Мектепке келгеннен бері менің балам тілін дамытып, сөйлеп жүр. Осы мектепте кабинеттің ашылуына қуаныштымын. Балалардың білімі бұдан да жақсарып, жақсы дамиды ғой деп ойлаймын.
Көкшетаудағы 27 жалпы білім беретін мектептің 16-сында инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін облыс бойынша тағы 20 кабинет ашылады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы