Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендетті. Бұған инфляцияның оң динамикасы мен экономиканың тұрақты өсімі себеп болған. Инфляция 11-ай бойы төмендеп, тамыз айында бір таңбалы мәнге жетті. Сонымен бұл неге әсер етеді? Жыл соңына дейін инфляция деңгейі өзгеруі мүмкін бе?
Тамызда жылдық инфляция 9,8%-ға төмендеді. Азық-түлік бағасының қымбаттауы 9,5%-ға, ал басқа да тауарлар құнының өсуі 11,4%-ға баяулаған. Міне, осы факторлар Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитетіне базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендетуге түрткі болған.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:
Бұл жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы, тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы және Үкіметпен бірге қабылдаған шаралар әсер етуде. Дегенмен тәуекелдер балансы проинфляциялық аймақта сақталып отыр. Осыған байланысты ұстамды қатаң ақша-кредит шарттары әрі сақталғаны жөн.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, инфляцияның қайта өсуіне ықпал ететін тәуекелдер ел ішінде де, сыртқы ортада да сақталып отыр. Сондықтан әзірге арқаны кеңге салуға болмайды. Мұндай жағдайда мөлшерлемені одан әрі төмендетуге мүмкіндік шектеулі.
Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:
Баға тұрақтылығы бизнеске де, халыққа да керек. Бизнес жоспар құра алады, адамдар ақша үнемдей алады. Сол үшін біз нарықтағы жағдайды мұқият назарда ұстаймыз. Мақсатымыз – инфляцияны 5%-ке дейін түсіру.
Бұл межеге Ұлттық банк 2028 жылы жетуді көздейді. Инфляцияға қатысты биылға жасалған болжам – 9-11%. Реттеуші «біздің міндетіміз инфляцияны жай ғана 10%-тен төмен түсірумен шектелмейді» дейді. Елде экономикалық белсенділік әзірге қалыпты. Енді Ұлттық банк Үкіметпен бірге Ұлттық қордан бөлінетін қосымша трансферттер мен мұнай нарығындағы жағдайды жіті бақыламақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы