Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Лаос ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

Қазақстан мен Лаос ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

Қазақстанға алғаш рет Лаос президенті ресми сапармен келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесі Тхонглун Сисулитпен кең құрамда келіссөз жүргізді. Тараптар сауда-саттықты арттыру мен көлік дәліздерін тиімді пайдалану мүмкіндіктерін қарастырды. Электронды үкімет пен цифрлық қызметтер саласында тәжірибе алмасу жайы да сөз болды. Тараптар бүгін бірлескен мәлімдеме қабылдап, бірқатар құжатқа қол қойды. Тарихи сапар екі ел ынтымақтастығына қандай жаңа мүмкіндік ашады?

Тәуелсіздік сарайы. Кезекті мәртебелі қонақты қарсы алуға қызу әзірлік жүріп жатыр. Министрлер проткол тәртібімен тізіліп, құрмет қарауылы сап түзеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тхонглун Сисулит екі күн бұрын ғана Бішкектегі Шанхай Ынтымақтастық ұйымы саммитінің алаңында жүздесті. Лаос былтыр құрылымның диалог бойынша серіктесі атанған. Ресми Астана мәртебелі мейманды сән-салтанатпен қарсы алды.

Қос президент те жоғары деңгейдегі білікті дипломат. Сисулит өз елінің сыртқы істер министрлігін 10 жылдан аса басқарған. Президент Тоқаев 5 тілде еркін сөйлесе, Лаос басшысы 4 тілді меңгерген. Әуелі екеуара әңгімеде тараптар  бұл сапардың тарихи мәніне тоқталды. Себебі Лаос президенті қазақ еліне алғаш рет сапарлатып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев қос елдің қарым-қатынасы тың серпінмен дамиды деп сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан Лаосты Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктесі деп санайтынын жеткізді. Біз Қазақстан мен Лаос арасындағы сауда-экономикалық ықпалдастықты одан әрі дамытуға ниеттіміз. Бұл қарым-қатынасымызды нығайта түсуге берік негіз болады деп ойлаймыз.

Иә, Лаос бізден алыс. Дегенмен барыс-келісті көбейтіп, табысты арттырудың мүмкіндігі мол. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы мемлекет бізге жақсы таныс Вьетнам мен Тайландтың көршісі. Халық саны 8 миллионға жуық. Қазақстанға ұқсастығы теңізге шығар тіке жолы жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Лаос нарығына жеткізілетін қазақстандық тауар көлемін кеңейтудің мүмкіндігі мол екенін көріп отырмыз. Ең алдымен, металл, тағам, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі, машина жасау және фармацевтика өнімдерін тасымалдай аламыз. Осы орайда, үкіметтеріміз көлік-логистика саласы бойынша үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдер бекітуді пысықтауы қажет.

Тхонгсаван Фомвихан, Лаос Халық Демократиялық Республикасының сыртқы істер министрі:

Біз үшін көлік және логистика саласын дамыту аса маңызды. Қазақстанды ірі логистикалық хабқа айналдыруды көздеп отырмыз. Бұл бағытта теміржол қатынасын дамытуға арналған жақсы жобаларымыз бар. Лаостың біраз азаматы Қазақстанда білім алған. Меніңше, бұл да екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға жақсы серпін береді.

Мемлекет басшысы Лаос компанияларын «Астана» халықаралық қаржы орталығының жеңілдіктерін пайдалануға шақырды. Қазір онда әлемнің 90 елінен 6300 компания тіркелген. Сонымен қатар меймандар елміздің цифрлық өнімдеріне қызығушылық танытып отыр.

Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

Біздің цифрландыру саласындағы тәжірибеміз мол. Электронды үкіметті дамыту жағынан да алдыңғы қатардамыз. БҰҰ индексі бойынша Қазақстан әлемдегі үздік 25 елдің қатарына кіреді. Сондықтан электронды үкіметтің кейбір бағыттары мен біздің тәжірибемізге Лаос тарапы қызығып отыр. Қазір бұл бойынша келіссөздер басталып кетті.

Әңгімелесу кезінде мәдени-гуманитарлық және туризм салаларындағы ықпалдастық мүмкіндігі талқыланды.

Тхонглун Сисулит, Лаос Халықтық Демократиялық Республикасының президенті:

Мен Қазақстанды Орталық Азиядағы Лаоспен әрдайым ізгі әрі орнықты қарым-қатынас жасаған елдердің бірі ретінде қарастырамын. Қазақстан Лаосқа ұлт-азаттық күрес кезінен бері көмек қолын созып, бүгінге дейін қолдау көрсетіп келеді. Әлемдегі ахуал сан мәрте өзгерсе де, Қазақстан мен Лаостың қарым-қатынасы, бауырластық байланыстары және бір-біріне тілеулестігі мүлде өзгерген емес. Бүгінгі сапар екі ел арасындағы достық байланыстарды одан әрі нығайтуға және кеңейтуге ықпал етеді.

Келіссөз қорытындысы бойынша қос президент екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін растайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Бұдан бөлек дипломатиялық байланыс, құқықтық ынтымақтастық, цифрлық технологиялар саласындағы құжаттарға қол қойылды. Сонымен қатар екі елдің бас шахары Астана мен Вьентьян бауырлас қала атанды.

Бөлісу