2 жылда 54 кен орны ашылды
Елімізде соңғы екі жылда 54 жаңа кен орны ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет жер қойнауын геологиялық зерттеу жүйесін жаңартқанның нәтижесінде қол жеткен жетістік бұл. Жалпы мемлекеттің есебінде қазір пайдалы қазбалардың 10 мыңға жуық кені бар. Соның бірі Ақмола облысындағы «Васильковский» кеніші. Биылдан бастап кәсіпорын алтын өндірудің жер асты әдісіне көшті.
Бибінұр Әмірханқызы, тілші:
Васильковский - Қазақстандағы алтын өндіретін ірі кен орындарының бірі. Мұнда шамамен 1700-ден астам адам еңбек етеді. Кеніш жарты ғасырдан астам уақыт бойы ашық карьер әдісімен игерілді. Енді өндіріс жер астына көшеді. Жаңа тәсіл жер қойнауындағы қорды тиімді игеріп, кәсіпорын жұмысын ұзақ мерзімге жалғастыруға мүмкіндік бермек.
Жобаны жүзеге асыру үшін кеніш аумағын кеңейту жоспарланған. Ол үшін шамамен бір мың гектар жер телімі қарастырылған.
Виктор Хайков, алтын өндіру компаниясының қызметкері:
Осыдан 47 жыл бұрын бұл жерде ештеңе болған жоқ. Тек жазық дала ғана еді. Өндірістің тоқырауын да, дамуын да өз көзіммен көрдім. Бүгінде кеніште жаңа кезең басталды. Ашық әдіспен жүргізілген жұмыстың нәтижесінде пайдалы қазбаның бары расталды, енді жерасты қорлары да анықталса дейміз.
Жерасты әдісіне көшу өндірісті жаңа деңгейге көтермек, алтын кенін игеруді тағы жиырма жылға ұзартады.
Ернар Жәркешов, облыс әкімінің орынбасары:
Біріншіден, ол жаңа салық көздері. Осы компания жыл сайын Ақмола облысына 3 миллиард теңге салық төлесе, республикалық деңгейде ол жүздеген миллиард теңге салық төленеді. Жаңа жұмыс орындары және де осы шахталық әдіспен жаңа технологияларды, жаңа әдістерді әкелетін болады.
Президент тапсырмасы бойынша Үкімет жер қойнауын геологиялық зерттеу жүйесін жаңартып жатыр. Жинақталған деректерді цифрландырудың нәтижесінде соңғы екі жылда 54 кен орны ашылып, мемлекеттік есепке алынды.
Қанат Ерубаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің геология комитетінің төрағасы:
2026 жылы жалпы ауданы 100 мың шаршы шақырымды құрайтын 1/50 мыңдық масштабтағы геологиялық түсірудің 20 жобасы бойынша жұмыстар басталды. Соның ішінде алтын, мыс, литий, вольфрам, молибден+скл. Сирек кездесетін металдарды іздеуге ерекше назар аударылуда.
Мемлекет жүргізіп отырған саясат оң нәтижесін беріп келеді. Мәселен, геологиялық барлау жұмыстары алтын, күміс, мыс, хром, темір және фосфорит қорының мол екенін көрсетіп берді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы