Басты Жаңалықтар «38. Соңғы нүкте» көркем фильмі көрерменге жол тартады

«38. Соңғы нүкте» көркем фильмі көрерменге жол тартады

Ертеңнен бастап «38. Соңғы нүкте» көркем фильмі көрерменге жол тартады. Картина кәсіби міндетін күрделі әрі қауіпті жағдайда атқаратын мамандардың ерен еңбегін арқау етеді. Сонымен қатар фильм қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан жандардың рухына тағзым етіп, олардың көзсіз ерлігі мен адам өмірін қорғаудағы жанқиярлығын дәріптейді.

 «38. Соңғы нүкте» – табиғат апаты туралы ғана емес, сын сағатта адамдық қасиет пен өмірдің шынайы құны сыналатын драмалық фильм-катастрофа. Туындының тақырыбы терең,  айтар ойы да бөлек. Кинокартина  2023 жылы Семей орманындағы алапат өрт кезінде қызметтік борышын атқарып, қаза тапқан 15 орманшының тағдырын арқау етеді.

Мақсат Жұмахан, идея авторы, орманшы:

Мынадай ой туды: неге осы орманшылардың жалпы жұмысын халыққа көрсету керек, олардың жұмысы өте ауыр. Жауапкершілігі мол екенін көрсеткім келді. Қазір орманшылардың жалақысы көтерілді. Президентке алғыс айтамыз. Бұрын ең төмен жалақы орманшыларда болатын. Фильм ретінде жеткізгім келді, содан туған идея.

Тап сол идея  адам тағдыры мен табиғат апаты тоғысқан оқиғаны бейнелейтін көркем фильмге айналды. Авторлардың сөзінше, өз өмірін өзгелердің амандығы мен қоршаған ортаны қорғауға арнаған жандардың қайсарлығы – уақыт өткен сайын мәні тереңдей түсетін құндылық. Сондықтан «38. Соңғы нүкте» – сол көзсіз ерлікті экран арқылы сөйлеткен тағзым туындысы.

Нұржігіт Хайдар, фильмнің продюсері:

Орман шаруашылығында қызмет ететін орманшылар және өрт кезінде көмекке келетін ТЖ қызметкерлерінің еңбегін көрсеткен дұрыс деп шештік. Көрерменнің жүрегіне жететін сахналар көп деп айтар едім. «38. Соңғы нүкте» – әлі де көрермен үшін қызық атау. Не үшін олай қойғанымызды киноға келгенде міндетті түрде түсінеді.

Терең мағыналы туынды Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Фильмді ертеңнен бастап еліміздің кинотеатрларынан тамашалауға болады.

Бөлісу