Басты Жаңалықтар Президент қауіпсіздік саласындағы ынтымақты нығайтуға шақырды

Президент қауіпсіздік саласындағы ынтымақты нығайтуға шақырды

Мемлекет басшысы Шанхай Ынтымақтастық ұйымы саммитінде ұйым елдерін қауіпсіздік саласындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан қалыптасып келе жатқан әлемдік тәртіптің сипаты ұйымға мүше ірі мемлекеттердің ұстанымына байланысты екенін айтып, Шанхай бірлестігіне айрықша жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Бішкектегі басқосуда Президент одақтастарға ортақ басым бағыттарды атады. Соның бірі Жасанды интеллект орталықтарының желісін құру. Сонымен қатар Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты кеңейтуге баса мән берді. Оның айтуынша, ұйым елдерінің өзара тауар айналымы бір триллион долларға жуықтаған. Дегенмен Мемлекет басшысы ұйымның экономикалық әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отырғанын айтты. Сол себепті қазіргі шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтарының негізінде трансшекаралық сауда аймақтарын құруды ұсынды. Бұл тауар алмасудың тиімді тәсілдерін, цифрлық рәсімдер мен заманауи есеп айырысу тетіктерін сынауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек Қазақстан Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру туралы бастамасын қолдайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразияның заманауи көлік-логистикалық желісін қалыптастыруды жеделдетуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Еліміз көлік саласындағы бастамаларды Шанхай ынтымақтастық ұйымы аумағында ілгерілетуге әзір. Ол үшін кеден рәсімдерін цифрландырып, электрондық құжаттарды өзара тану, «жасыл дәліз» қағидатын және басқа да заманауи тетіктерді қолданған жөн. Бұл ретте ШЫҰ Бірыңғай транзит цифрлық платформасын құру тиімді тәсіл болар еді. Ол үйлесімді цифрлық шешімдер негізінде жүктің жөнелту пунктінен соңғы нүктедегі алушыға дейін кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді. Құқықтық-нормативтік базаны нығайту үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2035 жылға дейінгі Көлік байланысы стратегиясын әзірлеп, қабылдауды ұсынамыз.


Бөлісу